«Өзбекстан Республикасымен бізді бірнеше ғасырлық мәдениеттер мен дәстүрлер достығының дәнекері байланыстырып тұр. Қазақстандық-өзбекстандық қарым-қатынастың одан ары дамуына Өзбекстанның құрметті Президенті Шавкат Мирзиёев үлкен үлес қосуда. Ол келгеннен кейін біз Астана мен Ташкент ынтымақтастығының жаңа жылнамасын аштық. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығын нығайтуда айтарлықтай прогреске қол жеткіздік», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы ағымдағы жылы орын алған өзара сапарлар, сонымен бірге түрлі халықаралық алаңдардағы қарқынды байланыстар саяси рухты айтарлықтай нығайта түскендігін баса айтты.
«Алғаш рет өзара сауда өсімін 30 пайыздан астамға қамтамасыз еттік. Ағымдағы жылы Өзбекстанның Қазақстандағы жылының басталуы, келесі жылы бауырлас Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу жаңа жаңалықтардың межесіне айналады және біздің ынтымақтастығымыздың барлық спектріне тың серпін береді. Қазақстан Өзбекстанмен көпжоспарлы ынтымақтастықты одан ары нығайтуға ниетті», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президентіне сенім грамотасын тапсырғаннан кейін БАҚ өкілдерімен брифинг өткізген өзбек Елшісі Саидикрам Ниязходжаев Өзбекстан үшін Қазақстан уақыт сынынан өткен стратегиялық серіктес саналатындығын айрықша атап өтті.
«Бұл ретте қысқа ғана уақыт аралығында екіжақты қарым-қатынастарымыздың жаңа парағын ашқан екі Президенттің жеке өзара қарым-қатынасын атап өткен жөн. Тек өткен жылы ғана жоғары деңгейдегі 6, сондай-ақ министрліктер мен ведомстволар деңгейінде 20-дан астам кездесулер өткізілді», - деді ол.
Өзбекстан Елшісі екі елдің арасындағы барлық саладағы ынтымақтастықты одан ары тереңдетуге күш салатындығын баса айтты. Сонымен қатар ол Өзбекстанның Қазақстандағы күндері аясында 200-ден астам шара өтетіндігін, Ташкент-Алматы-Ташкент және Алматы-Ташкент-Алматы жаңа автобус бағыттарының ашылатындығын еске салды.
Айта кетейік, бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар шет мемлекеттердің Төтенше және Өкілетті Елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Олардың қатарында Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Елшісі Саидикрам Ниязходжаев те болды.
Салтанатты шара барысында Елшілерге сөз арнаған Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылы елімізде өтетін маңызды оқиғалар туралы айтты.