Қазақстан Өзбекстанмен бірлесіп мұнай өнімдерін жеткізу бойынша кәсіпорындар ашпақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстанмен Экономикалық ынтымақтастықтың үкіметаралық стратегиясына қол қою жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті.

«Біз Орталық Азия мемлекеттері ынтымақтастығының өзара қолайлы жолдары мен форматтарын іздестіруді жалғастырудамыз. Биылғы 12 қыркүйекте Мемлекет басшысының Самарқандқа сапары сауда-экономикалық және басқа да салаларда өзара іс-қимыл бойынша жаңа мүмкіндіктерді ашты. Осыдан кейін жалғасқан үкіметтік делегациялардың өзара сапарлары және өткізілген келіссөздер біздің оңтүстік көршімен экономикалық ынтымақтастықты ары қарай тереңдетуде өзіндік оптимизмді ұялатады. Атап айтқанда, мұнай, мұнай өнімдерін, автокөлік, машина құрылысы және басқа да салаларда бірлескен кәсіпорындар немесе сауда үйлерін ашу туралы келісімдерге қол жеткізілді», - деді министр.

Мұнымен қоса Е. Ыдырысов қазақстандық тарап 2017-2021 жылдардағы кезеңге Өзбекстанмен Экономикалық ынтымақтастықтың үкіметаралық стратегиясын әзірлеп, оған қол қою қажеттігімен келіскенін атап өтті.