Өзбекстан Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты мен ҚР Президенті Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған ғылыми конференцияға аталған екі институттың басшылығы, Өзбекстанның министрліктері мен ведомстволарының өкілдері, сондай-ақ дипломатиялық корпустар мен халықаралық ұйымдардың басшылары келді. Қазақстан тарапынан ҚСЗИ директоры Зарема Шәукенова мен ҚР-ның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев қатысты.
Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Өзбекстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Саидикрам Ниязходжаев мемлекетаралық қарым-қатынастың барлық спектріндегі екі елдің ынтымақтастық деңгейі жоғары екендігін атап өтті.
«ҚР мен ӨР арасындағы дипломатиялық қарым-қатынтастың орнағанына небәрі 25 жыл саналады. Дегенмен, бауырлас екі халықтың арасындағы тарихи және мәдени байланыстардың сан ғасырлық тамырластығы бар. Егер, біздің өзара қарым-қатынасымыздың тарихи өткеніне көз салар болса, онда оның тату және шынайы көршілестіктің шынайы үлгісі болып табылатындығын нық сеніммен айтуға болады. Мұның дәлелі ретінде Сіздердің назарларыңызды келесі факторларға аударсам деймін. Біріншіден, қысқа ғана уақыттың ішінде елдердің арасындағы қарым-қатынаста біз стратегиялық серіктес деңгейіне шықтық. Екіншіден, 200-ден астам құжатты қамтитын ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасты. Үшіншіден, Қазақстан бүгінгі күні Өзбекстанның басты сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып отыр. Төртіншіден, біздің бауырлас халықтарымыз үшін тірі көпір қызметін атқаратын мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстар барынша белсенді», - деді Саидикрам Ниязходжаев.
Сонымен қатар ол Өзбекстан аумағында тұрып жатқан қазақтардың мүмкіншілігі және олардың ана тілінде лайықты білім алуына қатысты да мәселелерге тоқталды.
«Өзбекстанда шамамен 800 мың қазақ тұрып жатыр. 380 мектепте сабақ қазақ тілінде жүреді. Тек қана қазақ тілінде білім беретін 162 мектеп жұмыс істеп тұр. Қазақ тілінде жоғары білім алу үшін 5 жоғары оқу орнында факультеттер, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімшелері құрылған. 1992 жылдан бері Өзбекстанда қазақ мәдени орталығы жұмыс істеп тұр. Оның ел аумағында 10 өңірлік бөлімшесі бар», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары.