Қазақстан өзендеріндегі жағдай тұрақты - АШМ

АСТАНА. 10 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан өзендеріндегі жағдай тұрақты.

Бұл туралы бүгін ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев мәлім етті.

Оның атап өтуінше, уақытылы қабылданған шаралардың арқасында Сырдария өзенінің төменгі арнасы төтенше жағдайларсыз толығымен мұздан тазартылды. Қазіргі уақытта Шардара су қоймасына түскен орташа су өтімі секундына 723 текше метрді құрауда.

«Еліміздің қалған аумақтарында су шаруашылығының жағдайы бір қалыпты. Батыс-Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарының өзендерінде көктемгі су тасу толқынының дамуы жалғасуда», - деді ол.

Комитет басшысының атап өтуінше,  Орал, Шерубай-Нұра, Есіл, Қалқұтан, Тобыл, Аят, Тоғызақ және Үй өзендерінде су деңгейінің 1-2 метрге көтерілуі байқалған. Сонымен қатар Ор, Утва, Деркүл, Ілек, Қарақала, Үлкен Хобда, Есіл өзендерінде су деңгейі 2-2,8 метрге, Қосістек және Шаған өзендерінде 3,4-4 метрге дейін көтерілген.