Тұрақты қолдау үшін Қазақстанға алғысын жеткізген Рияд әл-Мәлки, «Астанаға жасаған сапар екі елдің өзара қарым- қатынасын нығайтуға, сондай-ақ Палестина халқының алғысын Қазақстан Президентіне, ҚР Үкіметіне жеткізуге жақсы мүмкіндік болды. Атап айтқанда, елдеріңіз қиын жылдарда өңірлік әрі халықаралық деңгейде Палестинаға қолдау жасады», - деді.
Осы орайда ол Қазақстан өзін Палестинаның тұрақты досы ретінде танытқанын атап өтті.
«Елдеріңіз біздің бастамаларға қолдау білдіріп келеді, сонымен қатар өңірде бейбітшілікті нығайту үшін барлық күш-жігерін жұмсауда. Біз бұл қадамдарды жоғары бағалаймыз. Біз үшін бүгінгі кездесу екіжақты қатынастарды кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», - деді шетелдік мейман.
Бұдан бөлек, Рияд әл-Мәлки түрлі мәселелерді шешуде Қазақстан елордасы өңірлік әрі халықаралық хабқа айналғанын жеткізді.
«Бұл ретте бүгінде Астанада әлемдігі өзекті мәселелер талқыланып келеді. Сондай-ақ бұл қала қаржы орталығына айналуда. Біздің ойымызша, көп салаларда ынтымақтастығымызды дамыта аламыз. Астанамен ынтымақтастық аясында Палестина тарапы өзінің пайдалы үлесін тигізуге қауқарлы», - деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Астанада ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстан достас Палестинаның барлық бейбіт ұмтылыстарына жәрдемдесетінін атап өтті.
Мұнымен қоса, Палестина мемлекетінің Сыртқы істер және экспатрианттар министрі Рияд әл-Мәлкидің Қазақстан Республикасына сапары аясында екі құжатқа қол қойылды.