Қазақстан өзінің алтын-валюта қорын «кертіп жеуді» тыйды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан өзінің алтын-валюта қорын «кертіп жеуді» тыйды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, еркін айырбас бағамы режіміне көшіп, экономика субъектілері жаңа жағдайға бейімделгеннен кейін теңгенің айырбас бағамы тұрақтанған. Ол объективті факторларға сәйкес келеді және өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.

«Мұның барлығы да Ұлттық банктің валюта нарығына араласуынсыз жүріп жатыр. Біз 2016 жылдың қыркүйегінен интервенция жүргізбейміз. Бұл саясат алтын-валюта қорын сақтауға мүмкіндік береді. Осы жылдың қаңтар айының соңында елдің Ұлттық қорының валюталық активтерін қоса алғандағы алтын-валюта резерві 92 млрд. долларға жетіп қалды. Бұл 2015 жылдың соңындағы деңгейден жоғары. Ол кезде 91,3 млрд. доллар болған еді. Іс жүзінде бұл өзіміздің алтын-валюта қорымызды "кертіп жеуден» тыйылғанымызды білдіреді», - деді Ақышев.