Бұл туралы Бішкекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына байланысты айтқан пікірінде Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Мақсат Сабиров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның пайымынша, Қазақстанның ең алдыңғы қатарлы 30 елдің құрамына енуге байланысты қойылған мақсатына күн өткен сайын жақындап келеді. Бұл тұрғыда Қазақстан соңғы буынды жоғары технологиялық салалаларды енгізе отырып, бұрынғы технологияларды дамыту үрдісін жалғастыруда.
«ҚР Президенті Н. Назарбаев экономикалық түрлендіру үшін ең қолайлы сәтті таңдап отыр. Мұнай бағасы тиісті деңгейде көтерілуде. Елдеріңіз шикізат экспортынан дивиденттер ала отырып, қазіргі кезден бастап өзге де табыс көзі болатын салаларға дайындалып жатыр. Сондықтан да жаңғыру бағдарламасында жаңа технологияларға, сондай-ақ базалық салаларды қайта форматтауға екпін қойылуда»,-деді қырғыз депутаты.
Бұдан бөлек ол Жолдауда агроөнеркәсіптік кешенге ерекше мән берілгенін айта келе, оны жаңғырту азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, ауылдағы әлеуметтік проблемаларды шешуге негізделгенін сөз етті.
«Осы мақсаттарды орындау үшін Қазақстанда барлық қажетті мүмкіндіктер бар. Яғни, елдеріңізде құнарлы егіс аумақтары жеткілікті. Республикада ауыл шаруашылығында шикізаттық өндірістен қайта өңделген өнімді шығаруға арналған жобаларға айрықша назар аударылып отыр. Бұл тұрғыда жақын арада «made in Kazakhstan» белгісімен тауарларды ЕАЭО елдері аумағында ғана емес, сонымен қатар алыс шетелде де көптеп кездестіретініміз анық. Мұнымен қоса АӨК-ті жаңғырту арқылы ауылдық жерлерде еңбекпен қамту проблемасы да шешіліп, аграрлық сала маманының мәртебесін көтереді»,-деді Сабиров.