Қазақстан өзінің ғарышкерін 2017 жылға қарай ұшыруды көздеп отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Қазақстан өзінің ғарышкерін 2017 жылы ұшыратынын жеткізді.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде осы бағытта агенттік тарапынан күрделі әрі нақты жұмыстар атқарылуда. «Келіссөздер жүргізілуде. Алдын ала мәліметтер бойынша 2017 жылға қарай осыған қол жеткізуіміз мүмкін деп айта аламын», - деді Т. Мұсабаев.

Белгілі болғандай, ғарышқа ұшуға кандидат ретінде Айдын Айымбетов тіркеліп тұр. Сонымен қатар агенттік басшысы ғарышқа өзге де адамдар дайындықтан өтетінін жеткізді.

Т. Мұсабаевтың айтуынша, біздің ғарышкерді ұшыру үшін бүгінде Халықаралық ғарыш стансасы құрамындағы бірқатар елдердің рұқсаты керек. Осы орайда олардың өздерінің маманының орнына қазақстандық ғарышкерді жіберуге рұқсат алу - күрделі мәселе.