Дөңгелек үстел отырысына Қазақстан мен Қытай министрліктерінің, ведомстволарының жоғары деңгейдегі өкілдері, Бейжіңде тіркелген ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер елшіліктерінің елшілері мен дипломаттары, ҚХР ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары және басқа да қытайлық эксперттік қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.
Алқалы жиынды ашқан ШЫҰ Бас хатшысы Р.Алимов тәуелсіздік жылдары ішінде қазақстандық дипломатия Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен шын мәнінде халықаралық тыныс-тіршіліктің барлық салаларын қамтитын әрі елдің әлем мен адамзаттың тағдыры үшін шынайы алаңдаушылық білдіретін бірқатар стратегиялық маңызы бар бастамаларды жүзеге асырғандығын баса атап өтті.
Оның атап өтуінше, Ташкент саммитінен кейін ШЫҰ-ға төрағалық ұйымның құрылуы бастауында тұрған және оның дамуына маңызды әрі зор үлес қосқан Қазақстан Республикасына көшті. «ШЫҰ-ның онжылдық мерейтойын қазақ елордасында атап өткен саммит жайындағы естеліктер әлі күнге дейін жадымызда», - деді ол.
ШЫҰ Бас хатшысы Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының басталуы республиканың 2017-2018 жылдары кезеңінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен тұспа-тұс келуінің нышандық мәні бар екендігін баса атап өтті. Сонымен қатар ол бұл оқиғаның Қазақстанның халықаралық беделі мен құрметінің лайықты деңгейде мойындалуы әрі еліміздің өңірлік және әлемдік істерде белсенді рөлі бар екендігінің құптала түсуі екендігін айтты.
«Алдағы жылдар ішінде Қазақстан Республикасының ШЫҰ-ға төрағалықты одан ары арттырып, ұйымның жаңа сапаға көтерілуін қамтамасыз ететіндігіне, біздің елдеріміздің гүлденуі мен халықтарымыздың әл-ауқатын жақсарту жолында тың қадамдарға баратындығына сенімдімін», - деп мәлімдеді ШЫҰ Бас хатшысы.
Осы ретте Бас хатшының сөзіне қолдау білдірген Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ш.Нұрышев еліміздің ШЫҰ құрылған күннен бастап оның негізін қалаған белсенді мемлекеттердің бірі болғандығын әрі солай болып қала беретіндігін, көптеген түрлі идеяларға, жобаларға, құжаттар мен бағдарламаларға бастамашылық еткендігін баса айтты.
«Қазақстан Президенті Н.Назарбаев таяуда Ташкентте өткен саммитте ШЫҰ аясындағы біздің еліміздің негізгі бағыттары өңірлік қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, көліктік-транзиттік әлеуетті ашу, мәдени және гуманитарлық байланыстарды тереңдету болатындығын нақты белгілеп берді», - деді Ш.Нұрышев.
Дипломат Қазақстанның жаңа сын-қатерлермен бірлескен күреске зор мән беретіндігін баса атап өтті.
«Ташкентте өткен ШЫҰ саммитіндегі Қазақстан Президентінің ұсынысына сәйкес қазірдің өзінде халықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимыл туралы ұйым мәлімдемесінің жобасын әзірлеу жұмыстары басталып кетті. Ол таяу уақытта мүше мемлекеттердің қарауына ұсынылатын болады», - деді Елші.
Сонымен бірге, Ш.Нұрышев өз сөзінде экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне де тоқталды. Бұл ретте ол Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде, әсіресе, экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне баса назар аударатындығын баса айтып өтті.
«Еуразиялық экономикалық одақ пен қытайлық «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасын түйіндестіру өңірдің барлық елдері үшін экономикалық өсім мен инфрақұрылымдық құрылыста кең перспективалар ашатын болады. Қазақстан Президенті Ташкент саммиті барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен байқаушы елдерді біріктіретін Еуразиялық транзиттік-көлік хабын құру туралы ұсыныс жасады. Қазақстан өз тарабынан ЕАЭО мен Жібек жолы экономикалық белдеуі аясындағы ынтымақтастықты үйлесімді толықтыра түсетін «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды белсенді жүргізу үстінде», - деді Елші.
Ш.Нұрышев ШЫҰ-ның мәдени-гуманитарлық бағытын ілгері дамыту мақсатында Қазақстанның мәдени, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, ғылым мен техника, жастар саясаты, туризм мен спорт салаларындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге баса мән беретіндігін баса айтты.
«ШЫҰ штаб-пәтеріндегі мүше мемлекеттер күні» жобасы аясында Қазақстан біздің ұйымға төрағалығымызға арналған бірқатар мәдени іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр», - деді Қазақстанның Қытайдағы елшісі.
Сонымен бірге Қазақстан Елшісі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ұсысына сәйкес «Болашақ энергиясы» тақырыбымен 2017 жылы өтетін ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуы қарсаңында, яғни 8-9 маусымға өткізілуі жоспарланған Астана саммитінің ШЫҰ-ға қазақстандық төрағалықтың негізгі өзегі болатындығын баса айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын құрушы мемлекеттердің бірі саналады. Еліміз бұл беделді ұйымға 2005 және 2011 жылдары төрағалық еткен болатын.