Қазақстан өзінің тарихи жерінде қазақ мемлекеттілігін жаңғыртты - сенатор

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан өзінің тарихи жерінде жаңа үлгідегі қазақ мемлекеттілігін жаңғыртып, əлемде толыққанды мемлекет ретінде өмір сүруге қажетті барлық құрылымдар мен мүмкіндіктерге ие болды. Мұндай пікірді ҚР Парламент Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздік – ел биіктігінің бейнесі, алыптығымыздың айнасы, татулығымыздың тірегі. Әр жылы біз ең басты ұлттық мерекемізді атай отырып, осы бір киелі құндылығымыздың тәуелсіз мемлекет ретінде өркендеудегі орны мен рөліне көз жеткізе түсеміз. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының: «Қазақстанның тәуелсіздігі халқымызға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастан кешу арқылы қол жеткен өз мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы. Бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс», - деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатыр», - деді сенатор.

Оның атап өтуінше, 29 жыл тарих көзімен қарағанда шамалы ғана мерзім. Алайда, осы кезеңде Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде тарихи шешімдер қабылданып, егемен елдің іргетасы бекіді, ауқымды реформалар жүргізілді.

Мемлекеттік шекарамыз бекемделіп, әлем елдерімен сенімді достық және ынтымақтастық қарым-қатынас орнатылды.

«Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еліміздің саясаты ұзақ мерзімге негізделді, қазақстандықтардың әл-ауқаты, өмірдің жоғары сапасына жүйелі де мақсатты ұмтылысы оның басты ұстанымдары ретінде айқындалып, сабақтастық тауып келеді. Қазіргі Қазақстан өзінің тарихи жерінде жаңа үлгідегі қазақ мемлекеттілігін жаңғыртып, əлемде толыққанды мемлекет ретінде өмір сүруге қажетті барлық құрылымдар мен мүмкіндіктерге ие болды. Осы әлеуетімізді тиімді пайдаланып, бәсекеге қабілетті ел атану үшін бүкіл қоғам болып білім-біліктілігімізді, күш-жігерімізді ортақ мақсатқа жұмылдыруымыз қажет», - деді ол.

Сенатор айтуынша, Тәуелсіздіктің әр жылы тарихта өз ерекшеліктерімен қалады. Биыл Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы, Конституциямыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы сияқты айтулы даталар атап өтілді.

«Келер жыл - Тәуелсіздігімізге 30 жыл толатын мерекелік жыл.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мерейтой жылында саяси және экономикалық реформалар одан әрі жалғасатынын айта келіп, цифрландыру, адам құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау және білім беруді дамыту, экологияны қорғау аясында ауқымды істер жүзеге асатынын атап өткен болатын. Бұл айтулы белеске жаңа жетістіктермен қадам басып, тәуелсіз еліміздің дамып, өркендеуіне барынша атсалысып, ел рухын асқақтата береміз деп сенемін», - деді Дүйсенғазы Мусин.

Ал сенатор Қанатбек Сафинов осы жылдың желтоқсан айының басында өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында қатысушы Мемлекет басшылары Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен құрылған елдегі саяси тұрақтылық жағдайын үлкен жетістік деп атағанын және қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен тиімді жалғастырылып жатқанын атап өткендігін айтады.

«Осыған орай, мен Қазақстанның жетістіктері деп танылған және бүгінде әлемде болып жатқан құбылыстардың аясында айқын болып отырған нәрселердің негіздерін ерекше атап өткім келеді. Қазақстанның экономикалық, саяси және әлеуметтік салалардағы барлық жетістіктерін тек Менделеев кестесінде бар табиғи ресурстармен байланыстырып жатады. Бұл – қисынсыздау пікір. Шынында да, Қазақстанның жер қойнауында мұнай мен газдың, көмір мен уранның, сирек кездесетін металдардың және басқа пайдалы қазбалардың мол қоры сақталған. Бірақ табиғи ресурстардың тек бар болуы адамдардың лайықты және бақытты өмір сүруін қамтамасыз ете алмайды. Ең бастысы – бұл емес, оны дұрыс басқарып, қолдана білу. Салыстыру үшін әлемдегі мұнай қорының 17,5 пайызын құрайтын «қара алтынның» шынымен де әсерлі қорының арқасында Венесуэла ең үлкен мұнай қорына ие делік. Алайда, біз білетіндей, бұл мемлекет бірнеше жылдан бері терең саяси дағдарысты бастан кешіруде, халқы арасында араздық пайда болып, өмір сүру деңгейлері төмендеп, миллиондаған азаматтары көрші елдерден пана табуға мәжбүр болуда», - деді ол.

Сенатордың пайымынша, минералды ресурстар еліміздің маңызды стратегиялық артықшылығы бола отырып, сонымен бірге Қазақстан жетістіктерінің бірден-бір себебі және кепілі бола алмайды. Жер қойнауын пайдалану мен қорғау саласындағы саясат мемлекеттің жалпы саясатының бір бөлігі болып саналады.

«Қазіргі кезеңдегі саясаттың ең маңызды векторы – қоғамдық сананы жаңғырту. Алдыңғы қатарлы елдердің тізіміне кіру жолында қоғамдық сананы өзгертуге күш салу маңызды. Менің ойымша, мемлекеттің дұрыс таңдалған саясаты, құқықтық жүйенің негіздерін, ішкі және сыртқы саясатты қалыптастыру – біздің еліміздің барлық жетістіктерінің кілті болып табылады және уақыттың түрлі сын-қатерлеріне лайықты жауаптар беруге мүмкіндік береді»,- деді Қанатбек Сафинов.