Қазақстан Пәкістанның Пешавар қаласында орын алған лаңкестік әрекетті қатаң түрде айыптайды - ҚР СІМ
11:33, 17 Желтоқсан 2014
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан 2014 жылдың 16 желтоқсанында Пәкістанның Пешавар қаласында орын алып, жүз қырықтан астам адамның өліміне себепкер болған лаңкестік әрекетті қатаң түрде айыптайды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде айтылған.
«Пәкістан үкіметіне, қаза тапқандардың отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз және жарақат алғандарға тезірек сауығып кетуін тілейміз. Бейкүнә балалар мен ұстаздардың өлімі жиіркендіреді және ашу-ыза тудырады. Бұл - лаңкестердің адамгершіліктен ада екенінің көрінісі болып табылады», делінген хабарламада.
Қазақстан лаңкестіктің кез-келген сипаты мен көрінісін айптайды, осы құбылыспен дәйекті түрде күресу үшін әлем қауымдастығының бірлескен күш-жігерін қолдайды және жедел түрде халықаралық лаңкестікпен күрес бойынша жалпыға ортақ Конвенцияны қабылдауға үндейді.