Қазақстан-Пәкістан: Саудадан мәдениетке дейінгі серіктестік

Коллаж: Kazinform/ Canva/ Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – 3-4 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Ислам Республикасында мемлекеттік сапармен болады. Осы орайда Kazinform тілшісі Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен оның болашақ даму мүмкіндіктерін сараптады.

Саяси диалогтың географиясы

Қазақстан мен Пәкістан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдан астам тарихында екіжақты байланыстар саяси диалогтың жоғары деңгейіне көтерілді. Дипломатиялық қатынас орнаған сәттен бастап екі ел прагматизм қағидаттарына сүйене отырып, ынтымақтастықты дамытып келеді.

Инфографика: Kazinform

 

Қос тарап халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында, атап айтқанда Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ), Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ), Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) арқылы байланыстарын табысты түрде қолдайды.

Саяси диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға екі елдің мүдделілігі бірнеше кездесулер арқылы бекітілді. Бұл 2020 жылғы 28 ақпанда Исламабадта, 2023 жылғы 26 маусымда Астанада, сондай-ақ 2024 жылғы 19 қарашада Исламабадта өткен Қазақстан-Пәкістан саяси консультацияларының сыртқы істер ведомстволары деңгейіндегі кездесуінде айқын көрінді.

Айта кетерлігі, 2021 жылдың күзінде Пәкістан Үкіметі аймақтық өзара байланыс аясында бес басым бағытты жариялады. Олар – саясат, сауда және инвестициялар, энергетика мен көлік-коммуникациялар, қауіпсіздік пен қорғанысты қамтитын стратегиялық бастамалар.

ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Манарбек Қабазиевтің айтуынша, Президент сапары осы бастамалардың жүйеленуіне жол ашады.

– Сапар екіжақты байланысты тереңдетуге бағытталған. Екінші жағынан, Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы өзара байланысты күшейтуге бағытталған аймақтық дипломатияның кең контексіне сай келеді. Қазақстан Пәкістанды Оңтүстік Азиядағы негізгі серіктестердің бірі санайды, ал Пәкістан Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші экономика және маңызды еуразиялық дәнекер буын ретінде қарастырады, – дейді ол.

Фото: Kazinform

 

Тауар айналымы қандай?

Екі ел арасындағы экономикалық және сауда байланысы баяу дамып келе жатқанымен, қос тарап оған қарқын қосуға мүдделі. Сарапшылардың пайымынша, тауар айналымын 1 миллиард доллардан асыруға мүмкіндік бар.

– Қазірдің өзінде оң динамика байқалады. Болашақта көлемді ұлғайту үшін логистикалық шектеулерді жою, транзиттік рәсімдерді жеңілдету, стандарттарды үйлестіру және әкімшілік кедергілерді төмендету маңызды, – дейді Манарбек Қабазиев.

Инфографика: Kazinform

 

Сауда және интеграция министрлігінің деректері бойынша, 2025 жылғы қаңтар-қараша айы аралығында екіжақты тауар айналымы 101,3 млн АҚШ долларына жетіп, 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 108%-ға өскен.

Инфографика: Kazinform

 

Қазақстаннан Пәкістанға көкөніс, бұршақ тұқымдастар, пияз, сарымсақ, сұлы, қарақұмық, тары және басқа дәнді дақылдар, сондай-ақ қара металл бұйымдары экспортталады. Ал Пәкістаннан цитрус жемістері, дәрілік заттар, ерлер мен әйелдер киімі, азық-түліктер және картоп жеткізіледі.

Қазақстан өз өнімдерін, соның ішінде металлургиялық және химиялық өнімдерді экспорттауды кеңейтуді қалайды, ал Пәкістан - Қазақстан тауарлары үшін перспективалы нарық. Сонымен қатар ол тоқыма бұйымдары, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің маңызды көзі саналады.

Экспорттық тізбектерді әртараптандыру күн тәртібінде

Қазақстан үшін экономикалық жүйеге оңтүстік бағытты солтүстік пен шығыс бағыттары сияқты тиімді қосу маңызды. Мұнда Пәкістанның нақты артықшылығы – елдің порттары мен ірі инфрақұрылымы. Ол жеткізу тізбектерінің маңызды бөлігіне айналуы мүмкін.

Манарбек Қабазиевтің айтуынша, сапардың негізгі мақсаты – Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарын әртараптандыру және белгілі бір нарық пен бағыттарға тәуелділікті азайту.

– Екіжақты кездесуде негізгі назар сауда көлемін ұлғайтуға, инвестиция тартуға және жаңа көлік жолдарын дамытуға аударылуы мүмкін. Пәкістан арқылы Арабия теңізінің порттарына шығу – Қазақстан үшін тұрақты экспорттық тізбектер құрудың және елдің Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс пен Африка нарықтарындағы орнын кеңейтудің маңызды элементі, – дейді сарапшы.

Фото: Midjourney

Қазіргі таңда ынтымақтастықтың ең маңызды саласы – көлік пен логистика. Қазақстанға тек сауда көрсеткіштері емес, нақты баға, уақыт пен құқықтық ережелері анықталған тұрақты дәліз қажет. Бұл орайда Карачи мен Гвадар порттарына, сондай-ақ Ауғанстан мен Иран арқылы өтетін мультимодальді маршруттарға қызығушылық айқын көрсетіледі.

– Қазақстан мен Пәкістанның транзиттік әлеуетін біріктіру Орталық Азияны Карачи мен Гвадар порттарымен байланыстыратын мультимодальді маршруттарды дамыту арқылы мүмкін болады. Қытай – Пәкістан дәлізі инфрақұрылымын Орта дәлізбен үйлестіріп, «Еуразия – Оңтүстік Азия» жаңа логистикалық тізбектерін жасауға болады. Бұл жеткізілімді қысқартуға, маршруттарды әртараптандыруға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Сол себепті күтіліп отырған құжаттар пакетінде теміржол және теңіз жолдары бойынша меморандумдар, сондай-ақ транзиттік сауда туралы келісім бөлек қарастырылып отыр.

Астықтан IT-ге дейін: Ынтымақтастықтың жаңа архитектурасы

Сарапшы өзара ықпалдастықты тереңдетуге мүмкіндік беретін басым бағыттарды да атап өтті.

– Басым салалар қатарына агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, логистика, фармацевтика және IT кіреді. Қазақстан өңдеу қуаттарын құруға мүдделі. Ал Пәкістан фармацевтикалық өнімдердің көзі әрі цифрлық технологиялар мен стартап-экожүйе саласындағы серіктес ретінде қызығушылық тудырады. Сонымен қатар цифрландыру, электрондық үкімет және киберқауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылады, – деп атап өтеді ол.

Бұл бағыттардың барлығын өзара сабақтас біртұтас тізбек ретінде қарастыру маңызды. Мәселен, агроөнеркәсіп логистикасыз дамымайды, логистиканың ауқымы транзиттік ережелерсіз кеңеймейді, бұдан соң транзиттік ережелер ведомствоаралық келісімдерсіз іске аспайды. Ал фармацевтика мен IT ынтымақтастықтың маңызды тұсы саналады. Олар шикізатқа немесе маусымдық тауарларға негізделген сауда құбылып тұрған жағдайда қосылған құн мен тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Коллаж: Kazinform

– Бұған қоса материалдарда ауыл шаруашылығына қатысты құжаттар – карантин және өсімдіктерді қорғау, ветеринария салалары бөлек көрсетілген. Бір қарағанда бұл техникалық құжат болып көрінгенімен, іс жүзінде дәл осындай келісімдер жеткізілімдердің кідіріссіз әрі артық шығынсыз жүзеге асуына мүмкіндік береді, – дейді спикер.

Инвестициялық бөлік те мазмұнды әрі нақты сипатқа ие. Мәселен, «Fauji» компаниялар тобымен бірлескен инвестициялау платформасын құру жөніндегі меморандум жарияланған. Бұл тетік жобаларға деген қызығушылықты нақты рәсімге көшіруге жол ашады.

– Тараптар өзара инвестицияларды, соның ішінде инфрақұрылымдық, энергетикалық және өнеркәсіптік жобаларға салынатын капиталды ұлғайтуға мүдделі. Қазақстандық компаниялар Пәкістандағы энергетика, логистика және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы жобаларға қатысу мүмкіндіктерін зерделеп жатса, пәкістандық бизнес Орталық Азия нарығына қызығушылық танытып отыр, – дейді Манарбек Қабазиев.

Мәдени байланыстар

Қазақстан мен Пәкістан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар екі ел халықтары арасындағы өзара сенім мен түсіністікті қалыптастыруда айрықша рөл атқарады. Дипломатиялық және экономикалық серіктестікпен қатар, дәл осы мәдени өлшем ұзақ мерзімді қатынастардың берік негізін қалап отыр.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық академиялық, мәдени және діни байланыстар, сондай-ақ сарапшылық және қоғамдық орта арасындағы өзара іс-қимыл арқылы жүйелі түрде дамып келеді.

Фото: ҚР Пәкістандағы елшілігі

Бұл үдерістерге қосымша серпін беретін маңызды бастамалардың бірі – Исламабад қаласында Яссауи, Сәтбаев және Әл-Фараби орталықтарын, сондай-ақ қазақ-пәкістандық «Достық» спорт орталығын ашу жоспары.

Сонымен қатар 2026-2027 жылдарға арналған мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Іс-шаралар жоспарына қол қою туралы уағдаластыққа келді.

Білім беру мен ғылым саласындағы өзара іс-қимылға да ерекше мән беріліп отыр. Тараптар академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыруға, сондай-ақ инженерлік, медициналық және IT мамандықтары бойынша тәжірибе алмасуға ниетті.

Сапардан не күтіледі?

Сарапшы жақын арада күтілетін нәтижелерді атап өтті.

– Қысқа мерзімді перспективада бірлескен инвестициялық жобалардың іске қосылуы, қазақстандық аграрлық өнімдердің жеткізілімінің кеңеюі, пилоттық логистикалық маршруттардың дамуы және іскерлік байланыстардың жандана түсуі күтіледі. Қосымша практикалық нәтиже ретінде гуманитарлық және білім беру алмасулары, сондай-ақ БАҚ пен сарапшылар қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықтың тереңдеуін айтуға болады. Мұның бәрі Қазақстан-Пәкістан серіктестігінің тұрақты әрі ұзақ мерзімді өсіміне негіз қалайды, – дейді Манарбек Қабазиев.

Коллаж: Kazinform

Қысқасы, сапар үш негізгі нәтижені бекітуі тиіс. Біріншісі – оңтүстік порттарға шығуды нақты құрал ретінде іске қосу. Екіншісі – сауданы әртараптандыру. Үшіншісі – агроөнеркәсіп, логистика, фармацевтика және IT салаларындағы жобалар, бұл бағыттардағы ынтымақтастықтың тұрақты сипат алуына жол ашады.

Осыған қарап, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастық тек тауар айналымының цифрларымен шектелмейтінін аңғаруға болады.

Айта кетейік, сапар аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Шахбаз Шарифпен және Президент Асиф Али Зардаримен келіссөздер жүргізіп, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту перспективасын талқылайды. Сонымен қатар Қазақстан-Пәкістан бизнес форумына қатысу жоспарланған.