Қазақстан Палестинаның 1967 жылғы шекарасының қайтарылуын қолдайды – Мұрат Нұртілеу
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Палестина тәуелсіздігін, қауіпсіздігін және 1967 жылғы шекарасының қайтарылуын қолдайды. Бұл туралы бүгін Түрікменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен келіссөздерден кейін бірлескен мәлімдеме жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты.
«Жаңа ғана құрметті әріптесіммен шағын және кеңейтілген құрамда дәстүрлі достық, өзара қолдау мен сенім рухындағы келіссөздер өтті. Біз ықпалдастығымыздың тың бағыттарын айқындап, іргелі міндеттерді қарастырдық. Орталық Азия мемлекеттерінің жан-жақты жақындасуы уақыт талабынан туындап отыр. Қазақта «Татулық – таусылмас бақыт» деген дана сөз бар. Осы тұста, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кеңестері аясындағы әріптестігіміздің рөлі ерекше. Сәйкесінше, біз биылғы тамыз айында Астанада өтетін Консультативтік кеңестің 6-шы саммитіне дайындық мәселелерін ортаға салдық. Нақты айтқанда, «Орталық Азия – 2040» Өңірлік кооперация даму стратегиясына қол қоюды маңызды деп санаймыз. Сонымен қатар Орталық Азияда ХХІ ғасырда достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа барлық тараптар қол қояды деген үмітіміз зор», - деді Мұрат Нұртілеу.
Оның атап өтуінше, қазақ-түрікмен серіктестігі көпжақты құрылымдар аясында ойдағыдай дамуда. Көптеген жаһандық мәселелерге қатысты екі елдің ұстанымдары ұқсас.
«Әріптесім екеуміз басқа да өңірлік және халықаралық үрдістер бойынша пікір алмасып, диалогымызды одан әрі жалғастыруға келістік. Атап айтқанда, Халықаралық Аралды құтқару қорының әлеуетін барынша пайдалану маңыздылығына назар аударылды. Қазақстан өзінің төрағалығы аясында барлық тараптың мүдделерін ескеріп, белсенді жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл ретте, су-энергетикалық ынтымақтастықтың механизмін дамытудағы Түрікменстанның қолдауын және әрекеттесуге дайындығын жоғары бағалаймыз. Сонымен бірге, Таяу Шығыс өңіріндегі күрделі процестерге де жеке тоқталып, ой-пікір бөлістік. Палестина мәселесі бүгінгі таңда ушығып жатқаны белгілі», - деді ол.
Вице-премьер жақында Норвегия, Испания және Ирландия Палестинаның мемлекеттігін мойындаған атап өтті.
«Қазақстан мұндай қадамды толық құптайды. Біз Палестинаны егемен мемлекет ретінде 1992 жылы мойындадық. Осы маңызды халықаралық проблеманы Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті резолюцияларына сәйкес, саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажет деген ұстаным біз үшін ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Сол жылдан бері Астана мен Рамалла дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, елшілерін тағайындады. Қазақстан осы ұстанымнан танбай, Палестина тәуелсіздігін, қауіпсіздігін және 1967 жылғы шекарасының қайтарылуын қолдайды», - деді Мұрат Нұртілеу.