12:00, 18 Наурыз 2009
Қазақстан парақорлыққа қарсы күресте «нашар» елдер санатынан «қалыпты» деңгейдегі мемлекеттер қатарына кірді-Қаржы полициясы
АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Американдық Global Integrity Index ұйымының рейтингі бойынша, Қазақстан парақорлыққа қарсы күресте «нашар» елдер санатынан «қалыпты» деңгейдегі мемлекеттер қатарына кірді.
Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Елімізде парақорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан күрестің нәтижелілігі туралы американдық Global Integrity Index ұйымының жарияланған есебі куә. Олар: «күшті», «қалыпты», «нашар», «өте нашар» деген төрт деңгей бойынша парақорлыққа қарсы күрестегі бірқатар елдердің қызметін бағалады. Қазақстан рейтинг бойынша Ресей, Литва, Индонезия, Түркия, Пәкістан сияқты «нашар» елдер санатына жататын мемлекеттерді басып озып, «қалыпты» деңгейдегі мемлекеттер қатарына кірді», - деді брифингте М. Жұманбай.Қаржы полициясының ресми өкілі «бұл күреске азаматтық қоғамды белсенді түрде тарту арқылы ғана біз оң нәтижеге қол жеткізе аламыз», - деп атап көрсетті. «Қазіргі кезде азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске барынша тарту мақсатында парақорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды материалдық ынталандыру ережелерін заңдық тұрғыдан бекітуді ұсынып отырмыз», - деді ол.