Қазақстан парасат биігінде - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 26-сы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 25-і,  сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

 

                                                                                   ***

«Қазақстан парасат биігінде». Осы тақырыппен ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақала қыркүйектің 24-і, бейсенбі күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясының басты жиыны, АҚШ президенті Б.Обама төрағалығымен өткен ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау мәселелері жөніндегі отырысына арналған.

Жарияланымда осы отырысқа қатысқан  ҚР Сыртқы істер министрі - Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың «1991 жылғы тамыздың 29-ында Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен әлемдегі ең ірі полигондардың бірін жапты. Дүние жүзіндегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдар ерікті түрде бас тартқан Қазақстан ядролық қарусыз әлемге қадам басып, парасатты таңдау жасады, сөйтіп, барлық осы жылдарда атом қаруын таратпау ұстанымдарының жақтаушысы болып келеді. Сондықтан біз ядролық қауіпті азайту орайында одан арғы батыл шаралардың қажеттігі хақында айтуға әбден қақылымыз», деген сөзі келтірілген. 

 Кеше Мемлекет басшысы Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» кеден бекетінде болды.  Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Жібек жолы» кедендік қызметке дайын» атты мақалада «Өзбекстан мен Қазақстан мемлекеттері - түбі бір ағайын, бір-бірімен дос ел. Бірақ, егеменді ел болғаннан кейін екі мемлекеттің де өз шекара тәртібі, кедендік қызметі бар. Сіздер өз жұмыстарыңызға сергек қарап, Отан алдындағы борыштарыңызды адал атқарыңыздар», деген  Елбасының сөзі келтірілген.

 Экономика ғылымының докторы ҚР ҰҒА академигі Сағындық Сатыбалдин Елбасы Н.Назарбаевтың «Интерфакс» агенттігі мен «Известия» газетінде жарияланған ХХІ ғасыр басындағы өркениеттік дағдарысқа арналған  «Бесінші жол» атты мақаласына өз пікірін білдірген. Ғалымның көлемді  пікірі «Егемен Қазақстан» газетінде «Назарбаев ережелері» деген тақырыппен жарияланған. «Назарбаев ережелерінің» ең құндылығы сонда, "еш мемлекетке артықшылық бермей, еш мемлекетті кемсітпей, бәріне тең дәрежеде қызмет ететін ортақ халықаралық қаржы жүйесі қажет", дейді Елбасы. Бұл мейлінше тығыз интеграцияға  ұмтылған бүгінгі әлемнің болашағы үшін басты қажеттілік", деген пікірде ғалым.

 «Кеше Парламенттің бірлескен отырысы залында Азиялық саяси партиялар халықаралық конференциясы Бас ассамблеясының 5-ші жиыны өз жұмысын бастады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, алқалы жиында сөз сөйлеген ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП Саяси бюросының мүшесі Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заман қауіптеріне аймақтағы күштерді біріктіру арқылы қарсы тұруға болатынын, осы орайда 2009 жылдың сәуірінде Боаста өткен Азиялық форумда Қазақстан Президенті атап өткен «азиялық жиырмалықты» құруға АӨСШК лайықты алаң болып табылатынын атап өткен.  Конференцияның барысы туралы толық мағлұматы осы басылымның сенбілік нөмірінде жарияланған «Дағдарыстан - серпінді дамуға» атты мақаладан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

***

«Жер шарының орасан бөлігін алып жатқан Азия континетінің дәуірлеуі шындап артпақ. Бұл туралы кеше «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының  ұйымдастыруымен елордада өткен Азиялық саяси партиялар халықаралық конференциясы Бас ассамблеясының 5-ші жиынында айтылды», деп жазады «Айқын» газеті. Алқалы жиын туралы толық мағлұматты осы басылымның сенбілік нөмірінде жарияланған «Азияны жаңартқан» Астана декларациясы» атты мақаладан оқи аласыздар.

 Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының сенбілік нөмірінің қонағы - сәулетші, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Ардашер Юсупов. «Әлемді таңқалдыруға әліміз жетеді, тек ізгілікке негізделген ізденіс жетіспей тұр» деген тақырыппен берілген екеуара әңгіме барысында «Қалай десек те, біз - қазақ  халқы үлкен әрі жаңа өмірге қадам бастық. Сәулет өнерінің жұлдызы жанатын мезгіл келді. Осыған адамдардың ішкі мәдениеті сай болуы тиіс», депті А.Юсупов. Сұхбатты толығымен басылымның сенбілік санынан оқи аласыздар.   

 «Дағдарысқа қарсы үкімет бекітікен «Жол картасы» бағдарламасы қордаланып қалған қыруар шаруаның басын қайыруға мүмкіндік беретін секілді. Олай дейтініміз, бүгінде осы бағдарламаның арқасында елордада көптеген әлеуметтік нысандар мен жолдар ретке келтіріліп, шаруашылық ғимараттары  жөнделіп жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысын қадағалау мақсатында атқа қонған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Жол картасын» жүзеге асыруға бөлінген қаражаттың бүгінгі күні 75 пайызы игерілгенін жеткізді», деп жазады «Астана ақшамы» газеті.  «Ауқымды жұмыстар арнасы» деген тақырыппен берілген жарияланымнан елордада аталған бағдарлама шеңберінде  атқарылып жатқан істердің барысымен толық таныса аласыздар.

 Басылымның сенбілік санында «Айналайын» балаларға арналған қосымшасы жарық көрді. Қосымшада ата-аналарға кеңестер, маңызды мағлұматтар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, ертегілер топтастырылған.

***

«Қазақстан өзінің энергия ресурстарын тасымалдаудың барлық бағдарларын қолдайтын болады», деп жазады «Литер» газеті.

Басылымда жарияланған мақалада «Барлық бағыттар бойынша бағдарлар құрып отырған Қазақстанның өте тиімді ұстанымы бар. Ол энергия ресурстарын өндірушілер үшін де және оны пайдаланушылар үшін де тартымды. Егер қандай да бір себептермен бағдарлардың бірі жұмыс істеуін тоқтатса, тасқынды басқа бағытқа бұруға мүмкіндігіміз бар», деген «KazEnergy» қауымдастығының басшысы Тимур Құлыбаевтың сөзі келтірілген.

Елордада өткен IV Еуразиялық энергетикалық форумға орай «Айқын», «Экспресс К», «Деловая неделя», «Комсомольская правда-Казахстан» басылымдары да арнайы мақалалар берген.

 Аэроұтқыр әскерлерінің Іле ауданындағы полигонында «Дала қыраны - 2009» халықаралық тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуын сәтті аяқтаған жауынгерлерді  құттықтауға британдық ханзада Майкл Кентский келді», деп жазады «Экспресс К».