Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі мектепке сілтеме жасап хабарлады.
Аймақтағы инновациялық мектептерге тәжірибе тарату мақсатында Қызылорда қаласы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде аймақтық форум өтті. ол «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымы мен Қызылорда облысының әкімі арасында қол қойылған меморандумға сәйкес ұйымдастырылды. Тақырыбы - «Жаңартылған білім беру мазмұны тұрғысынан оқытудағы жаңа тәсілдерді тиімді жүзеге асыру жолдары: мектептегі Асtion Research және Lesson study ғылыми зерттеу жобалары».
Секциялық практикум, семинар және шеберлік-сыныптар түрінде ұйымдастырылған форум барысында жаңа тәсілдердің тиімділігі және оны мұғалімнің ғылыми-зерттеу мәдениетін қалыптастыруда қолдану туралы кеңінен айтылды.
Іс-шара жұмысына қатысқан Шымкент, Астана, Алматы қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептері мен облыстағы 2 пилотты, 24 инновациялық мектептер өкілдері, Қызылорда қаласы педагогикалық шеберлік орталығы қызметкерлері, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Зерттеу департаментінің, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ мамандары оқушылардың білім сапасын арттыратын жаңа әдіс-тәсілдермен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты.