Қазақстан-Польша арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас тарихында ҚР Сыртқы істер министрі тұңғыш рет Варшаваға сапар шекті

АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - 21-22 маусым күндері ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың поляк әріптесі Радослав Сикорскийдің шақыруымен ұйымдастырылған Польшаға жұмыс сапары өтті.

Бұл екіжақты қарым-қатынас тарихындағы отандық сыртқы істер ведомствасы басшысының Варшаваға тұңғыш сапары болды, деп атап өтеді аталмыш ведомсвоның баспасөз қызметі.

Поляк астанасында өткен келіссөздерде 20 жылдық серіктестіктегі жетістіктерге жоғары баға берілді. Саяси байланыстар, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлы ынтымақтастықтың кеңею мүмкіндіктері мазмұнды  түрде талқыланды.

Польша Сенатының төрағасы Богдан Борусевичпен өткен кездесуде тараптар парламентаралық байланыстардың белсендірілуін талқылады. Сонымен қатар, Польша парламентінің жоғарғы палатасы дәстүрлі түрде шетелдегі поляк диаспорасының мүдделерін ілгерілетуге жауапты. Осы орайда, Б. Борусевич елімізге жасаған ресми сапарын еске алып, Қазақстандағы 50-мыңдық поляк диаспорасы үшін ана тілін оқу, тарихи отанымен байланыс құру, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтау үшін жасалған қолайлы жағдайды қанағатпен атап өтті.

Қазақстан мен Польшаның сыртқы саяси ведомствалары басшылары екіжақты және көпжақты күнтәртіптің келелі мәселелері бойынша пікір алысты. Тараптар жоғары деңгейдегі мемлекетаралық және саяси байланыстарды дамытуда. Екі ел арасында елеулі келісім-шарттық негіз қалыптасқан. Студент алмасу қарқынды дамуда. Польшаның бірнеше университеттерінде қазақтың тілі мен мәдениеті, ал бірқатар қазақстандық жоғары оқу орындары мен мектептерде поляк тілі оқытылады. Варшавадағы көшелердің бірі Қазақ көшесі деген атауға ие.

Министрлер сондай-ақ «Қазақстан - Еуропа Одағы» үлгісіндегі ынтымақтастықты талқылап, ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы жаңа Келісімді дайындау бойынша бірлескен жұмысты ары қарай жалғастыруды қолдап, «Еуропаға жол» қазақстандық мемлекеттік бағадарламасын және Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуді жүзеге асырудағы екі ел әрекеттестігін атап өтті.

Астана мен Варшава ғаламдық және аймақтық қауіпсіздіктің көптеген мәселелеріне ұқсас көзқараста. Атап айтқанда, халықаралық қауымдастықтың Ауғанстанға 2014 жылы ISAF әскерін шығарудан кейін тұрақтылықты сақтауда және осы елдегі бейбіт өмір инфрақұрылымын ары қарай нығайтуда көмек көрсетудің жалғасуын қолдайды.

Қазақстан мен Польша дипломатиялық қатынастарды 1992 жылдың 6 сәуірінде орнатқан. Өткен жиырма жыл барысында жоғарғы деңгейде төрт ресми сапар өткізілді. Қазақстан Президенті Польшаға 1997 және 2002 жылдары барып, ал Польша Президенттері Қазақстанға 1999 және 2007 жылдары келген болатын. Тауар айналымы өткен жылдың қорытындысымен 1,8 миллиард АҚШ долларға жетті, және 2008 жылға қарағанда екі еседен астам өсті. Польша Еуроодаққа мүше елдер арасында Қазақстанмен сауда айналымы жағынан 7-ші орында.