АСТАНА. ҚазАқпарат – Билли Джин Кинг кубогінің (командалық әлем чемпионаты) іріктеу кезеңі аясында өтіп жатқан Қазақстан – Польша матчында Елена Рыбакина есепті 2:0-ге жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингте 253-сатыда тұрған 22 жастағы Вероника Фальковскамен кортқа шықты.
Бұл олардың өзара алғашқы кездесуі еді.
Бірінші партияда есеп 4:3 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай алды. Содан кейін сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.
Екінші сетте Е.Рыбакина брейкпен алға кетті – 4:2. Дегенмен В.Фальковска таразы басын теңестірді – 4:4. Бұдан соң Елена брейкпен бірге матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4.
Бір сағат 25 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 9 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.
Осылайша, Қазақстан Польшамен матчта 2:0 есебімен алға шықты.
Польшамен матчта 15 сәуір күні үш бәсеке жоспарланған. Қазақстанға әлем чемпионатына жолдама алу үшін енді бір жеңіс жетіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан – Польша матчының жеребесі тартылғанын жазған едік.
Сондай-ақ Польшамен матчта Юлия Путинцева Қазақстанды алға шығарды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).