Қазақстан поштасына 25 жыл: Мерекелік маркалар айналымға шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан поштасының 25 жылдығына арналған мерейтойлық маркалар айналымға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты рәсімге қатысқан ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пошта қызметкерлерін құттықтады.

«Баршаңызды бүгінгі пошта күнімен және мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл - шын мәнінде тамаша мереке. Сіздер - тарихы мен өзіне сай дәстүрі қалыптасқан ұйым құра білдіңіздер. 25 жылда үлкен белесті бағындырдыңыздар, заман талабына сай өзгердіңіздер. Цифрландыру дәуірінде цифрлық поштаны іске қостыңыздар. Келешекте де еңбектеріңізге табыс тілеймін», - деді министр.
 

Өз кезегінде «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов пошта қызметкерлеріне және министрлікке алғыс білдірді.

«Бүгін - дүниежүзілік пошта ұйымының күні және Қазақстан поштасының 25 жылдық мерейтойы. Осы маркалар жай дүние емес, мақтан тұтар нышандарымыз. 23 мыңнан астам пошта қызметкерлерін айтулы күнмен құттықтаймын. Біздің болашақта атқарар істеріміз көп», - деп атап өтті «Қазпошта» АҚ төрағасы.

Айналымға шығарылған төрт маркада Қазақстан поштасының жарқын сәттері бейнеленген: Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш маркасы - Алтын адам, Қазақстандағы бірінші пошта телеграф-кеңсесі, поштаның қазіргі келбеті және «Болашақ пошта балалар көзімен» маркалары.

Шара соңында министр Дәурен Абаев пен «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов, ардагер пошташы Светлана Цветова және жас пошташы Әлішер Сатыбалдин жаңа пошталық маркаларға штемпельдік белгі қойды.