Қазақстан православтық шіркеуінің басшысы ел халқын 1 мамыр мерекесімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан православтық шіркеуінің басшысы, Қазақстан және Астана митрополиті Александр қазақстандықтарды 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады.

«Құрметті Қазақстан Республикасының азаматтары! Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздік жылдарында бұл мейрам біздің көпұлтты қоғамымыздың керемет дәстүрі ретінде асқақтап, бейбітшілік пен келісімнің жарқын үлгісіне айналды.

Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Ұлт көшбасшысы аса қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің Республикамыздың даму жолын анықтап беріп: «Азаматтық қоғам және ұлтаралық келісім - біздің басты құндылығымыз. Бейбітшілік пен келісім, мәдениеттер мен діндер үнқатысуы біздің көпұлтты елімізде әлемдік эталон ретінде танылуы заңды», - деп атап өткен», - дейді митрополит өз құттықтауында.

Оның айтуынша, Ұлттар бірлігі күні Қазақстанды ортақ үйі деп білетін 140 ұлыс өкілдері көрме, концерт, конференциялар сияқты салтанатты шаралар арқылы бірлік пен татулықтың озық үлгісін көрсетуде.

«Үлкен қалаларда, ауылдарда дүркірей тойланатын бұл мереке ортақ Отанымыздың іргесін қалауда азаматтарымыздың бауырмалдық сезімдері мен сыйластығын бекіте түседі. Православтық Шіркеу дәстүрлі Ислам дінімен қатар Қазақстанда бірлік пен татулықтың кең қанат жаюына аз үлесін қосқан жоқ және ХХІ ғасырда да бұл ізгі қызметін одан әрі жақсарта береді.

Осынау мереке күні барлықтарыңызға денсаулық, бақыт, ашық аспан және табысты еңбек тілеймін!», - дейді митрополит Александр.