Екі команда да ойынды жылдам бастады. Алаң қонақтарының екі қапталы белсенді болды. Дидар Жалмұқан мен Аздрен Луллаку керекулік қорғаушылардың «қытығына» тиді. Ойындағы бірінші қауіпті соққыны Луллаку жасады. Алайда, қақпашы Лория керек жерден табылды. Осыдан соң «Ертіс» сапынан Фонсека мен Калинин көзге түсті. Екеуі кезек-кезек пас алмасып, айып алаңына бірнеше рет енді. Бірде «Тобыл» қорғаушылары сауатты қимылдаса, енді бірде қақпашы қырағылық танытты.
Тайм аяғына таман «Тобыл» футболшылары гол соқты. Сол қапталдағы қорғаушы Дмитрий Мирошниченконың берген пасын Дидар Жалмұқан күтіп алып, допты айып алаңына асырды. Бірінші жеткен Алексей Щеткинге ешкім кедергі болмады. 0:1!
Екінші таймда Роберт Евдокимов шәкірттері қорғанысқа мән бергендей болды. Команда капитаны Алмир Мухутдинов пен Ника Квеквескири қорғаушыларға жақын ойнап, қарымта шабуылдарға иек артты. Соның бірінде Луллаку есепті еселер еді. Алайда, тәжірибелі легионерге дәлдік жетіспеді.
Осыдан соң «Ертіс» командасы нәтижелі шабуылмен жауап қайырды. Сол қапталдан сытылып шыққан Руслан Есімов «Тобыл» айып алаңына соққы бағыттады. Доп Ника Квеквескиридің аяғынан серпіліп, қақпаға енді. 1:1! Алаңға қостанайлық футболшы Самат Жарынбетов қосылды. Ол Н.Жұмасқалиевті алмастырды. Ал Эгон Вух Аздрен Луллакудың орнына шықты.
Жаңа ойыншылар жаңа леп әкелді. Эгон Вух қарсыластарды алдап өтіп, алға ұмтылған. Оны «Ертіс» қорғаушысы шалып жықты. Ал Ника Квеквескири сол нүктеден айып алаңына пас асырды. Допқа бірінші жеткен қорғаушы Фернандер Кассай қақпа торын бүлк еткізді. 1:2!
Осылайша, «Тобыл» сырт алаңда жеңіске жетіп, турнир кестесінің төртінші сатысына көтерілді.
Батыр Жолайұлы