Қазақстан Премьер-Министрі ҚР Үкіметі жанындағы Экономикалық кеңесшілер кеңесінің кезекті отырысын өткізді

None
АСТАНА. Қыркүйектің 4-і. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚР Үкіметі жанындағы Экономикалық кеңесшілер кеңесінің кезекті отырысын өткізді,

деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Кеңес отырысында профессор, экономика ғылымдарының докторы Арыстан Есентүгеловтің «Қазақстандық экономиканы дағдарыстан кейін жетілдіру стартегиясы» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалып, талқыға салынды. Баяндамада ел экономикасының қазіргі жағдайына баға беріліп, ел экономикасын үлгілендіру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қажетті шаралар бойынша ұсыныстар берілген.

Баяндаманы талқылауға ҚР Білім және ғылым министрлігі Экономика институтының директоры Оразалы Сәбден, Қоғамдық проблемаларды сараптау орталығының директоры Меруерт Махмұтова, «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов, Экономикалық және қаржылық толқуларды ертерек анықтау орталығының директоры Сара Алпысбаева және Қазақстан-британ Техникалық университетінің экономика кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Нұрсейіт пен өзге де білікті мамандар қатысты.

Үкіметтен Кеңес отырысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев, Қаржы министрі Болат Жәмішев, Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау, Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аман қатысты.

Экономикалық кеңесшілер кеңесі ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтың бастамасымен көкейкесті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша белгілі қазақстандық сарапшылармен кеңестер ұйымдастыру мақсатында 2008 жылдың қараша айында құрылды.