Қазақстан Премьер-лигасы 25-турының үздік ойыншылары мен жаттықтырушылары анықталды
Қазақстан Премьер-Лигасы 25-тур ойындарының қорытындысы бойынша Sports.kz интернет-порталы символдық құрама жасақтады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Оған «Астана», алматылық «Қайрат» пен қызылордалық «Қайсардың» екі ойыншысы, көкшетаулық «Оқжетпес», петропавлдық «Қызылжар», шымкенттік «Ордабасы», қостанайлық «Тобыл» және «Мақтаарал» клубтарының бір ойыншысы енген.
Ойындағы орнына қарай қақпашы Степан Сикач (Қайсар), қорғаушылар Тимур Досмағамбетов (Астана), Бен Азиз Загре (Қайсар), Алексей Татаев (Оқжетпес) және Еркін Тапалов (Қызылжар), жартылай қорғаушылар Фабиен Урега (Астана), Дмитрий Сергеев (Қайрат), Асхат Тағыберген (Ордабасы) және Игорь Иванович (Тобыл), шабуылшылар Жоао Пауло (Қайрат) пен Рамзан Каримов (Мақтаарал) үздік деп танылды.
Үздік бас жаттықтырушы атағына «Мақтаарал» тәлімгері Қайрат Нұрдәулетов ие болды.
Тарихта алғаш рет шымкенттік «Ордабасы» клубы чемпион атанғанын еске сала кетейік.
Күміс жүлдеге «Астана» мен «Ақтөбе» таласып жатыр, мәселе соңғы турда шешіледі. Ақтаулық «Каспий» мен павлодарлық «Ақсу» үздіктер қатарынан шығып қалды.