Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алған 3 команда белгілі болды

Фото: ҚФФ

АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Қазақстан Бірінші лигасының биылғы маусымы аяқталды. Үш команда ҚПЛ-ге жолдама алды. 

Шешуші турда өскемендік «Алтай» футбол клубы өз алаңында «Оңтүстік» командасын 4:1 есебімен жеңіп, келер жылы Қазақстан Премьер-лигасында ойнауға мүмкіндік алды. 

Бір тур бұрын «Каспий» командасы Бірінші лиганың чемпионы болса, турнирлік кестедегі екінші орынды павлодарлық «Ертіс» иеленді. Осылайша қос команда жолдама мәселесін ертерек шешіп қойған. 

«Түркістан» командасы қаржылық жағдайына байланысты соңғы тур ойынынан бас тартты. Есесіне «Шахтер» автоматты түрде 3 ұпай алды. Бірақ өскемендік клубтан екі ұпайға артта қалған қарағандылықтар биылғы межені орындай алмай, жолдама мәселесін келер жылға қалдырды.  

Бұдан бұрын Қазақстан Премьер-лигасының үздік клубтары «Астана» мен «Қайрат» соңғы турда чемпиондыққа таласатынын хабарлағанбыз.