Қазақстан Президенті Ақордада әйелдермен дәстүрлі кездесуде әзіл айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» кездесуінде әйелдер жөнінде әзіл әңгіме айтты. Ақорданың баспасөз қызметі қысқаша бейнекөріністі Инстаграмда жариялады.

«Мектеп оқушысы «Ежелгі Грекияның мифтері» кітабын оқып отырып, әкесінен: «Әке, ежелгі гректер жеңісті кілең де әйел бейнесінде көрсеткендері қалай?» деп сұрайды. Әкесі: «Үйленгеннен кейін - білесің», депті», - деп әңгімеледі Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесуде болған «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарушы директоры Майя Егімбаева Елбасы көптеген әзіл әңгімелер айтып отырды, осылайша кездесу ажарын ашумен қатар, өте танымдық және байсалды ойлар түйіп отырды, деп атап өтті.

Еске салайық, кездесуге Мемлекеттік хатшы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Г.Әбдіқалықова, Парламент Сенатының депутаты Б.Әйтімова, Экономикалық интеграция министрі Ж.Айтжанова, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарушы директоры М.Егімбаева, шаруа қожалығының басшысы Т.Құшманова, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Р.Боранбаева, «Қазақ оюлары» ЖШС директоры Т.Елекбаева, жиһаз фабрикасының басшысы Е.Левина, Қарағанды облысындағы «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының директоры М.Нұрмағанбетова, «Қазақ қызы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қ.Әбден, әнші Т.Жанқұл, «Деловой мир Астана» ЖШС директоры, бас редакторы Ш.Сыздықова, ақын А.Дәулетбаева, көпбалалы ана Ж.Байжолдинова, «Астана Опера» театрының солисі Ж.Ғабдуллина, «Астана Балет» театрының бас режиссері М.Абубахриева, биолог ғалым Д.Қанаева, ауылдық округ әкімі П.Оралбаева, «Отырар сазы» Мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің бас дирижері, актриса Д.Тілендиева, зымыранды артиллериялық кеме әскери бөлімінің радио байланысшысы Ж.Ыбыраева, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жөндеу-механика цехының темір кесушісі А.Кенесарина, Қостанай облысы, Сарыкөл ауданындағы «Жастар бастамасы орталығының» басшысы Е.Данилова, ауыр атлетикадан ҚР еңбек сіңірген шебері Ж.Жаппарқұл, актриса Д.Бақтыбаева, студент Л.Митрохина қатысты.