Қазақстан Президенті Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысу үшін Швейцарияға аттанды
11:23, 28 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Давоста ашылатын Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысу үшін Швейцарияға аттанды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мемлекет басшысы энергетикалық саммиттің жалпы отырысына және «Мұнай мен газдың геосаясаты - өтпелі кезең картасы» тақырыбына арналған сессиясына қатысады. Сондай-ақ бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді деп жоспарлануда. Қазақстанның ресми делегациясының құрамына - Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, Президенттің Халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі Қайрат Сарыбай, Президенттің Экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Әсет Исекешев, Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев, т.б. лауазымды тұлғалар кіріп отыр. «Дағдарыстан кейінгі әлемді қалыптастыру» атты тақырыпта өтетін Форумға қатысушылар: қаржы жүйесінің тұрақтылығы, ғаламдық экономикалық өсуді қалпына келтіру және тағы басқа маңызды мәселелерді талқыламақ. Дүниежүзілік экономикалық форумның басты мақсаты - әлемдік қауымдастыққа экономикалық даму мен әлеуметтік іргерілеу жөніндегі мәселелерді шешуде жәрдем көрсету арқылы ғаламдық жағдайды жақсарту. Сонымен қатар, ағымдағы жылғы қаңтардың 29-ында Іскерлік өзара ықпалдасу тобы (BIG) Қазақстан бойынша арнайы сессия өткізуді жоспарлаған болатын. Аталған сессияға шетелдік ірі компаниялардың басшылары қатысады деп күтілуде.