12:50, 16 Сәуір 2009
Қазақстан Президенті Қытайдың Олимпиадалық комитетінің жоғары наградасымен марапатталды
БЕЙЖІҢ. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамбетов/ - Бүгін Бейжіңдегі «Дяоюйтай» резиденциясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Қытайдың Олимпиадалық комитетінің жоғары наградасымен марапаттау рәсімі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Құрмет белгісін табыс еткен Қытай Халық Республикасының Дене шынықтыру және спорт жөніндегі бас басқармасының төрағасы, Ұлттық олимпиадалық комитеттің президенті Лю Пэн, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытуға Қазақстан Президентінің айтулы үлес қосып отырғанын атап көрсетті. Ол сондай-ақ Бейжің Олимпиадасына әзірлік және оны өткізу кезеңінде, Қазақстан Үкіметінің және ел халқының Қытайға үлкен қолдау көрсеткенін, олимпиадалық алаудың Қытайдан тыс жерлердегі шеруі алғаш рет Алматыға аялдап, ал Қазақстан Президенті - алауды бірінші болып алып өткенін айтты. «Сіздің Бейжің Олимпиадасы кезінде көрсеткен қолдауыңыз бен қытай халқына деген ыстық ықыласыңызға біз тәнтіміз. Сіз Қытайдың Ұлттық олимпиадалық комитетінің құрметті наградасымен марапатталып отырған бірінші шет мемлекеттің басшысысыз», - деп мәлім еткен шенеунік, Қазақстан Президентінің есімі Қытайдың Ұлттық олимпиадалық комитетінің даңқ жылнамасында мәңгілікке қалатындығына сенім білдірді. Ол сондай-ақ 2011 жылы өткелі отырған қысқы Азиада ойындарының қазақстандық спорттың дамуына пәрменді серпін беретінін атап көрсетті. Н.Назарбаев өзінің жауап сөзінде, Бейжің Олимпиадасының әлем үшін айтулы оқиға болғанын және ол ойынның Қытайдың әлемдік қоғамдастықтағы жоғары мәртебесін тағы да паш еткенін атап көрсетті. «Қытайлық спортшылардың жетістіктері таң қалдырады және көп жайттан хабар береді. Жоғарыдағы шараның ерекше ұйымдастырылуы және оған көптеген елдердің мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының келуі Қытайдың заманауи әлемдегі рөлін көрсетеді», - деді Қазақстан Президенті. Елбасы сондай-ақ Қытай Халық Республикасы Төрағасының 2007 жылы Қазақстанға жасаған сапарының барысында Олимпиадалық алау эстафетасының бірінші кезегін Алматыда өткізу туралы келісімге қол жеткізілгенін еске салды. «Біз осылайша Қытайдың Олимпиада ойындарын жоғары деңгейде өткізуіне қолдау көрсеткіміз келді», - деді Н.Назарбаев өз сөзінде. Сөз соңында қазақстан-қытай қатынастарының ерекше мазмұнға ие екенін атап көрсеткен Президент, «достық пен ынтымақтастықты нығайту үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасайтын боламыз. Менің бұл сапарымның басты мақсаты ? осы», - деді.Қытайдың Ұлттық олимпиадалық комитетінің Құрмет белгісі 2008 жылдың тамыз айында тағайындалды және ол олимпиадалық қозғалысты дамытуға, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан үлестер үшін табыс етіледі. Тағайындалғалы бері бұл наградамен Халықаралық олимпиадалық комитеттің құрметті президенті Хуан Антонио Самаранч (2008 жылы тамыздың 2-сінде) және Халықаралық олимпиадалық комитеттің қазіргі президенті Жак Роге (2008 жылы тамыздың 26-сында) ғана марапатталды.