Қазақстан Президенті «Назарбаев Университеті» түлектерінің салтанатты оқу бітіру рәсіміне қатысуда

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Назарбаев Университеті түлектерінің екінші салтанатты оқу бітіру рәсімі өтіп жатыр. Салтанатты шараға студенттер, олардың ата-аналары, сонымен бірге оқытушы-профессорлық құрам, ірі компаниялардың басшылары мен басқа да қонақтар қатысуда.

Биыл университетті 622 студент бітіріп отыр. Олардың 444-і бакалавриат бағдарламасы бойынша, ал 178-і магистратура бағдарламасы бойынша оқуларын аяқтады. Студенттердің ең көп санын Ғылым және технологиялар мектебінің, Инженерия мектебінің, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің, Жоғары білім беру мектебінің, Жоғары бизнес мектебінің және Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің студенттері құрайды. Сұранысқа ие мамандықтардың ішінде электрлік және электрондық инженерия, биологиялық ғылымдар, саясаттану және халықаралық қатынастар бар.

ҚР Президентінің бастамасымен 2010 жылы құрылған Назарбаев университеті - отандық білім берудің флагманы. Университет құрылған кезден бастап, 7 мектептегі студенттердің жалпы саны 3300 адамға дейін өсті. Жыл сайын 70-тен астам білім беру гранттарына ие болады.

Оқуға түсу емтихандарының қорытындысы бойынша жоғары нәтиже алған талапкерлер студенттің бүкіл оқу кезеңіндегі шығыстарын өтейтін мемлекеттік білім беру гранты аясында Университетте білім алады. Магистранттар мен докторанттарды оқыту да мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жүзеге асырылады.