Қазақстан Президенті Орталық Азияда көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесін көтерді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордадағы «Орталық Азия-Ресей» саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көлік және транзит саласындағы маңызды қадамдарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы дәстүрлі логистикалық тізбектердегі іркілістерді айта келе, бұл жағдай өңір елдеріне көліктік-транзиттік әлеуетті толық пайдалануды талап етіп отырғанын айтты.

«Бірегей географиялық орналасуына байланысты Орталық Азия әлемдегі ең ірі нарықтар арасындағы маңызды буын болып отыр. Сондықтан қазіргі кезеңде күш-жігерімізді қолданыстағы және келешегі бар көліктік-транзиттік бағыттарды дамытуға жұмылдыру маңызды. Дүниежүзілік банктің бағалауына қарағанда, Орталық Азиядағы көлік коммуникацияларының дамуы барлық елдің жалпы ішкі өнімінің 15%-ға өсуін қамтамасыз ете алады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент саладағы кемшіліктерді жою үшін инфрақұрылымды жаңғырту, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, транзит үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ біріктірілген цифрлық логистикалық шешімдерді енгізу маңызды екенін атап өтті.