«Өзбекстан - біздің аймақтағы ең ірі мемлекет, оның біздің аймақтың барлық мәдени қабатына әсер ететін үлкен мәдени-тарихи дәстүрлері бар», - деп атап өтті Елбасы.
«Біздің ынтымақтастығымыз туындайтын барлық мәселелерді сындарлы түрде шешумен ерекшеленеді. Біз Қазақстан мен Өзбекстанның өзара іс-қимылының бірыңғай көзқарасынан көбіне аймақтағы тыныштық, қауіпсіздік және жалпы алдағы гүлденуіміз байланысты болатынын жақсы білеміз», деді Қазақстанның басшысы.
ҚР Президенті атап өткендей, бүгінгі сапар - екі мемлекеттің арасындағы мықты байланыстың кезекті дәлелі. «Сіздер аңғарған боларсыздар, жоғары деңгейдегі кездесулер дәстүрге айналуда, бұл жақсылықтың нышаны», - деп атап өтті Н.Назарбаев.
«Жұмыс сапары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Мәңгілік достық туралы келісімнің қол қойылғанына 15 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Мәңгілік достық туралы айтылғанда, онда ұсақ және достық емес актілер болмауы тиіс. Біз Қожа Ахмет Яссауи мазарының алдында, осы аймақта бірге өмір сүріп, өсіп-өнген және отбасыларын құрған аталарымызға тағзым ете отырып (құжатқа-агенттік) қол қойдық. Аталмыш маңызды құжат біздің мемлекеттер арасындағы тарихи достық қарым-қатынастың нығаюына негіз қалады», - деп түсіндірді Мемлекет басшысы.
«Бұл бағытта бүгін қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы келісім қазақстандық-өзбекстандық қарым-қатынастың жаңа парағын ашады. Мен сындарлылығы және аталмыш құжаттың қажеттілігін түсінгені үшін Ислам Әбдуғаниұлына (Кәрімов-агенттік) үлкен ризашылығымды білдіремін», - деді Елбасы.
«Біздің мәселелердің кең ауқымын талқылаған Ислам Әбдуғаниұлымен жүргізген келіссөздеріміздің қорытындысына қанағаттанғанымды білдіремін. Біз көтермеген мәселелер қалмады. Кеше бетпе-бет кездестік, бүгін біздің әріптестерімізбен шағын ауқымда жүздестік», - деді өз сөзін түйіндеген Мемлекет басшысы.