Қазақстан Президенті сайлауы халықтың ауызбіршілігін көрсетті - Әбсаттар Дербісәлі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті сайлауы халықтың ауызбіршілігін көрсетті. Осындай пікірімен филология ғылымдарының докторы, профессор, шығыстанушы-ғалым Әбсаттар Дербісәлі бөлісті.

«Кешегі сайлауға сайлаушылардың басым көпшілігі келді. Бұл саяси оқиғаға Қазақстан халқы аса үлкен мән беріп отыр. Азаматтардың барлығы бірлікте, татулықта өмір сүргісі келеді. Көпұлтты еліміз ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті аса жоғары бағалайды», - деді ғалым.

Ғалымның айтуынша, Қазақстан президент сайлауында ауызбіршілігі мен татулығын көрсетті. Дауыс беруге келген азаматтар ұзын-сонар кезекке тұрды.

«Кеше мен еліміздің өңірлерінде болдым. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан дауыс беруге келген халықтың қарасы үзілмеді. Бұл халықтың билікке деген сенімін көрсетеді», - деді Ә.Дербісәлі.