Қазақстан Президенті тарихшы Қойшығара Салғараұлын мерейтойымен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор, «Еуразия» ғылыми зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, түрколог-ғалым, жазушы Қойшығара Салғараұлының 75 жасқа толуына байланысты «Ұлы Даланың тарихы: түріктер мен моңғолдар» атты дөңгелек үстел өтті.

Жиын барысында университет ректоры Ерлан Сыдықов Қ.Салғараұлын құттықтай келе, ҚР Президентінің құттықтау сөзін оқып берді. «Құрметтi Қойшығара Салғараұлы! 75-ке толған мерей жасыңыз құтты болсын! Халқымыз өзiңiздi белгiлi журналист және ұлтымыздың көне тарихын зерттеп, зерделеп, жиған-тергенiн оқырманына жеткізуге бар күш-жiгерiн жұмсап келе жатқан қаламгер ретiнде жақсы бiледi. Сiздiң шығармаларыңыз тарих ғылымын насихаттауға, ұлтымыздың өткенiн танып, салт-санасын қалыптастырып, дамытуға қосылған үлес болып табылады. Еңбегiңiз елiмiздiң мемлекеттiк сыйлығымен атап өтiлдi. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерi құрметтi атағына ие болдыңыз. Денсаулығыңыз зор, отбасыңыз аман-есен болып, еңбегiңiздiң зейнетiн ұзағынан көре беріңіз!», - делінген Мемлекет Басшысының хатында.

Осы сөздерден кейін, Е.Сыдықов танымал тарихшыға Еуразия ұлттық университетінің ең жоғары марапаты - «Гумилев» медалін тапсырды. «Сізді қазақ тарихының тамыршысы деп өзімше пайымдаймын. Өйткені дәл сол қажетті кезде, Қазақстанның қиын-қыстау заманында, ештеңеге қарамай, керекті дүниелерді зерттеуге бой ұрдыңыз. Қытайға барып, қазақ тарихына қатысты мәліметтердің барлығын жинап-теріп әкелуіңіз кәдімгідей осы заманның жанкештілігі деп атауға болады», - дейді Е.Сыдықов. Шара барысында мерейтой иесінің жарық көрген кітаптарының көрмесі ұйымдастырылып, «Ұлы даланың тарихы: түріктер мен моңғолдар» атты дөңгелек үстелге келіп түскен және Қ.Салғараұлының еңбектеріне байланысты ғылыми мақалалар жеке жинақ болып жарық көрмекші. Айта кетейік, ғалым 1997 жылы Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігінде мәдениет жөніндегі кеңесші қызметтерін атқара жүріп, «Сиуңну», «Дуңху. Гаучы», «100 құжат», «Таным тармақтары», «Анықтамалық» атты кітаптарын жазды. «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» роман-эссе, «Қазақ қазақ болғанға дейін», «Қазақ қазақ болғаннан кейін» деген ІІ томдық романдары жарық көрді. «Қазақтар» трилогиясы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды (1996). Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Екі рет медальмен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.