Қазақстан Президенті Үндістанда Республика күнін тойлауға қатысады
10:25, 26 Қаңтар 2009
НЬЮ-ДЕЛИ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - Үндістанда мемлекеттік сапармен жүрген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Делиде өтетін Үндістанның Республика күні мерекесіне құрметті қонақ ретінде қатысады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Үндістанда осынау ұлттық мерекеге шетелдік қонақтардың бірін: не ел президентін, не премьер-министрді «басты қонақ» ретінде шақыру дәстүрі бар. Биыл қадірлі мейман ретінде Қазақстан Президенті шақырылып отыр. Мерекелік шеру Радх Патх атындағы орталық даңғылмен Президенттік сарайдан Үндістан қақпасына дейінгі аралықта өтеді. Шерудің алдында Үндістан Президенті Пратибх Девисинг Патилдің, вице-президент Хамид Ансари мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салтанатты келу рәсімі өтеді. Парад барысында Үндістанның жауынгерлік әлеуеті паш етіледі. Ол кезге дейін тәуелсіздікке ие болған Үндістан 1950 жылы, тап осы күні демократиялық, егемен республикаға айналған еді.