Қазақстан Президентіне қоғамның сенімі жоғары деңгейде- ресейлік сарапшылар

АСТАНА. 24 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстан Президентіне қоғамның сенімі жоғары деңгейде.. Бұл туралы Посткеңестік кеңістікті зерттеу жөніндегі ақпараттық талдамалы орталық пен Еуразиялық сарапшылар форумының баяндамасында айтылған.

Бүгін ресейлік саясаттанушы-сарапшылардың «Қазақстандағы президенттік сайлау, Ресейдің көзқарасы» тақырыбында жүргізген зерттеуі Астанада өткен баспасөз мәслихатында жария етілді.

«Қазақстан Президентіне қоғамның сенімі жоғары деңгейде. «Нұр Отан» ХДП-ны қоса алғанда басқа саяси институттарды да қоғамдық қолдау деңгейі біршама жоғары, дегенмен Н.Назарбаевты қолдау рейтингісінен бірнеше есе төмен. Осылайша, халықтың 56 пайызы үкіметтің қызметіне сенеді деп айтуға болады», - делінген баяндамада.

Сарапшылардың пікірінше, елдегі макроэкономикалық көрсеткіштер тұрақты. Сол сияқты этносаралық қатынастар да жеткілікті деңгейде тұрақты деп бағалануда.

Баяндама авторларының сөзіне қарағанда, соңғы айлардың ішінде элитаішілік қарама-қайшылықтардың ауқымы айтарлықтай бәсеңдеді. «Бұл ретте, мерзімінен бұрын президенттік сайлауды өткізу туралы шешім, Нұрсұлтан Назарбаевтың ісін жалғастырушы мәселесінің ашық күйінде қалып отырғанына алаңдаушылық білдіріп отырған элитаны «тыныштандырды», - дейді ресейлік саясаттанушылар.