«Оныншы қаңтарда Елбасы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл - тарихи маңызды құжат. Себебі Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция» қарсаңындағы елімізді одан ары қарай дамытудың нақты іс-қимыл бағдарламасын ұсынып, негізгі міндеттерді белгілеп берді», - деп тоқталды Тоқаев Сенаттың жалпы отырысында.
Осы орайда Сенат төрағасы жақында депутаттар өңірлерде ел халқымен кездесулер өткізгенін, бұл тұрғыда Елбасының Жолдауын жан-жақты талқылауға атсалысқанын атап өтті.
«Бюро Жолдауды іске асыру жөнінде Сенаттың арнайы жоспарын бекітті. Онда Елбасы Жолдауында қойылған міндеттерді тиянақты орындауға байланысты бірқатар маңызды іс-шаралар анықталды. Жолдаудағы негізгі міндеттерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету - біздің басты міндетіміз. Сондықтан баршамыз осы бағытта жоғары жауапкершілікпен белсенді жұмыс жүргіземіз деп сенемін», -деді ол.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Елбасының Америка Құрама Штаттарына ресми сапары сәтті аяқталғанын тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына төрағалық етіп, кеңес атынан мәлімдеме жасады. Ақ үйде АҚШ Президентімен келіссөздер барысында ел экономикасын дамыту мен өңірдегі қауіпсіздікті нығайту тұрғысынан аса маңызды нақты келісімдерге қол жеткізілгені мәлім. Бұл өз кезегінде Қазақстанның дүниежүзілік деңгейіндегі жоғары беделін одан әрі нығайта түскені сөзсіз. Алдағы уақытта сенаторлар парламенттік дипломатия әлеуетін кеңінен пайдалана отырып, Елбасының халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы тың бастамаларын ілгерілетуге лайықты үлес қосатынына сенімдін», - деді Сенат төрағасы.