08:20, 08 Сәуір 2009
Қазақстан Президентінің арнайы елшісі Сауд Арабстанында болды
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. Қазақпарат – Қазақстан Президентінің арнайы елшісі, ҚР Парламент Сенаты Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі Әділ Ахметов сәуірдің 4-6-сы аралығында Сауд Арабстаны Корольдігінде болды,
деп хабарлады ҚазАқпаратқа сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен. Қазақстандық сенатор сапар барысында саудияның сыртқы істер министрі Сауд әл-Фейсалмен кездесіп, оған Қасиетті қос мешіттің сақтаушысы, Сауд Арабстанының Королі Абдалла бен Әбдел Әзизге шілденің 1-2-сінде Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІІ съезіне қатысуға Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың шақыруын табыс етті. Сауд Арабстанының сыртқы саясат ведомствосының басшысы өз сөзінде қазақстан-сауд қатынастарын әрі қарай нығайта түсудің маңыздылығын атап көрсетті. Оның пікірінше, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың 15 жылдығына орай, Қазақстан мен Саудия түрлі салалардағы ынтымақтастықтың мол әлеуетімен келіп отыр Астана мен Эр-Рияд тығыз саяси қарым-қатынасты қолдап отыр, экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып келеді.Қазақстанның дінаралық үнқатысуды дамыту жөніндегі күш-жігері 2008 жылы жоғары деңгейдегі Мекке, Мадрид және Нью-Йорк конференцияларын өткізу арқылы іске асқан мәдени және діндер арасындағы байланысты ілгерілету туралы Қос Киенің Сақшысы, Сауд Арабстанының Королі Абдалла бен Әбдель Әзиздің бастамаларымен үндес келіп отыр. Қазақстан мен Сауд Арабстаны алдағы уақытта халықаралық аренадағы халықтар, мәдениеттер және діндер арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өзара көмек және күш-жігерін біріктіру саясатынан айнымауға ниеттеніп отыр.
Сенатор, сондай-ақ Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлуға, Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы Абдалла ат-Түркиге және Ислам істері, уақыптар және шақырулар жөніндегі министрі Салех әл аш-Шейхқа діни лидерлерінің жиналысына Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы ? Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың шақыруын жеткізді.