Қазақстан Президентінің кітабы алғаш рет латыш тілінде жарық көрді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Латвияда тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «G-global: XXI ғасыр әлемі» атты кітабы жарыққа шықты. Бұл Елбасының латыш тілінде басылып шыққан алғашқы еңбегі, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан Президентінің кітабы үстіміздегі жылдың 27 ақпаны мен 1 наурызында Балтық елдеріндегі ең үлкен «Кипсала»көрме орталығында өткізілген «Кітап-2015» атты кітаптар мен басылымдар халықаралық көрмесінің ашылу салтанатында таныстырылды.

Танымал латыш саясаткерлері: Журналистер одағының президенті Юрис Пайдерс, Теле және радио тарату қауымдастығының басшысы Гунта Лидака аталмыш шығармада қазіргі кезеңде адамзатты толғандыратын ауқымды мәселелер көтерілгендігін атап өтті. G-GLOBAL қазақстандық бастамасы бұл бүкіл әлемнің ғалымдары, дарынды жастарды, медиа өкілдері, қоғамдық және бизнес құрылымдарды тарту арқылы әлемдік қаржы және экономикалық дағдарыстан шығудың тиімді жолдарын іздеу болып табылады.

Сарапшылардың айтуынша, кітап 2013 жылы жазылса да, автор бүгінгі күнгі ғаламдық оқиғалар мен экономика және халықаралық саясаттағы айтулы өзгерістерді болжай білген. Жан-жақты талдау, ішкі, сондай-ақ ғаламдық үдерістерді терең түсінуі арқасында кітапты саясаткерлер мен сарапшылар ортасында ғана емес, сонымен қатар, қалың оқырмандардың арасында да танымал етеді. Кітапта көтерілген мәселелер бүгінгі күні де аса өзекті болып отыр, оған қоса, аталмыш еңбектің қазіргі таңда өмірлік мән-маңызы зор. Бұл қазақстандық көшбасшы саясатының көрегенділігін дәлелдей түседі.

Латвияның Еуроодақ кеңесіндегі төрағалығы жылы өткен кітаптың тұсаукесері екі мемлекет үшінде аса маңызды оқиғаға айналды.