Қазақстан Президентінің саясаты, оның дағдарысқа қарсы бағдарламасы, үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы Қытайдың жоғарғы басшылығының үлкен құрметіне ие - Қайрат Келімбетов
аймақтағы жаңа нарықтарға, капиталдардың халықаралық нарықтарындағы үдерістері мен келешек жаһандық экономикалық дамудың басқа да өзекті проблемаларына арналды. Осынау форумға қатысқан «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының төрағасы Қайрат Келімбетов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында форумның қорытындысы және қазақстан-қытай экономикалық ынтымақтастығының перспективалары туралы әңгімелеп берді.
- «Самұрық-Қазына» қорының делегациясы Тяньцзинь қаласында өткен «жазғы Азиялық Давос» форумына қатысты. Форумның негізгі нәтижелері туралы айта кетсеңіз. Оған қатысушылар қандай өзекті проблемаларды талқылады. «Жазғы Давостың» қорытындысы бойынша қазақстандық компаниялар қандай қорытындылар шығаруы керек?
- Біз осынау беделді шараны ұйымдастырушы - Дүниежүзілік экономикалық форумы «Жаңа Чемпиондардың жыл сайынғы кездесуі» деп атайтын «жазғы Давос» форумының жұмысына қатыстық. Оған 1500-ге жық адам келді, олардың қатарында азиялық құрлыққа ықыластары ауып отырған «Шеврон» және «Дженерал электрикс» сияқты ірі трансұлттық корпорациялардың басшылары да бар. Олар сондай-ақ, Қытайдың шетелдік инвесторларға деген саясатын анықтауға да мүдделі. Форумның ашылу рәсіміне Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің премьері Вэнь Цзябао қатысты.
Айта кету керек, қытайлық тарап пен шетелдік инвесторлардың арасында ашық әңгіме болды, оның барысында орталық үкімет Мемлекеттік Кеңес анықтайтын ойынның ережелерін инвесторлардың сақтау қажеттілігін атап көрсетті және ұлттық экономиканың әрі қарай дамуын ынталандыру үшін Қытай нарығына жоғары технологиялар саласы бойынша белсендірек атсалысуға шақырды.
ҚХР Мемлекеттік Кңесі экономиканың өсу қарқыны 8-10 пайыздан кем болмауы керек деген міндет қойып отыр, осыған орай Қытай экономиканың тек біздің аймақтағы ғана емес, жалпы әлемдегі драйверіне айналып отыр. Қазақстан өз экспорттық жоспарларын біздің ірі сауда серіктестерімізде, атап айтқанда Қытай мен Ресейде болып жатқан түрлі салалардағы процестерге үйлестіруі қажет. Жақында Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасының басшыларының арасында жоғары деңгейде кездесу өтіп, соның аясында энергетикалық салада ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша келісімдерге қол жеткізу, сөйтіп үлкен «отын-энергетикалық шоғыр» құрылады, ал Қазақстан онда Қытай және Ресей сияқты үлкен экономикалардың дамуын анықтаушы қосымша және сервистік роль атқаратын болады. Егер Ресей Кеден одағының аясында кен-руда, металлургия, өңдеу өнеркәсіптерінің өнімдеріне көбірек бағыт ұстаса, Қытайға - ең алдымен, Қазақстанның стратегиялық, басымдық салаларының мұнай, газ, мұнай химиясы, уран сияқты өнімдерінің экспорты бағытталады. Қытайлық серіктестермен арада, ағымдағы жылдың соңына дейін атом индустриясы саласында жаңа деңгейге шығу және ұзақмерзімдік жеткізілімдер туралы, оның ішінде қазақстандық компаниялардың қытайлық ядролық-энергетикалық корпорациялармен бірлескен жоспарларға атсалысуы туралы келісімдер бар.
- Сіздің Қытайға жасаған бұл жолғы сапарыңыздың негізгі қорытындылары қандай? Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Төрағасы Ху Цзиньтаоның арасында қол жеткізілген инвестициялық көмек туралы келісімдердің аясындағы бірлескен жобалардың жағдайы қалай?
- Жұмыс сапарының аясында Ху Цзиньтаоның ШЫҰ елдерін, олардың дағдарысқа қарсы бағдарламаларын қолдау туралы Екатерборда көтерген бастамасының аясындағы Қазақстанның квоталары талқыланды. ШЫҰ желісі бойынша Қытай бөліп отырған 10 миллиард доллар соманың 3 миллиардын біз Қазақстанның экономикасына тартуды жоспарлап отырмыз. Қытайдың коммерция министрі Чэн Дэминмен болған кездесудің барысында Жетіген-Қорғас теміржолы құрылысының жобасын жүзеге асыруға несие бөлу мәселесі талқыланды. Қазақстан үкіметі жалпы алғанда осы жобаға және «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығын дамытуға үлкен маңыз беріп отыр. Осыған орай ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қыркүйектің 15-інде қазақстан-қытай шекарасына жұмыс сапарын жасап, Орталықтың құрылысының барысымен танысты. ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің жоспарына сәйкес, алдағы бес жылда Қытай батыс провинцияларға, оның ішінде Шынжаңға 100 миллиардқа жуық юань инвестициялап, елдің батыс және шығыс өңірлерінің арасындағы теңсіздікті ретке келтірмек. Шынжаңның инфрақұрылымы мен өнеркәсібі де қолдау көретін болады. Осыған байланысты Қазақстан өз үкіметтік бағдарламаларын Шынжаңның дамуымен сәйкестендіруі қажет. Сондықтан да біз «Қорғас», «Достық» бекеттерінің өткізу мүмкіндіктерін арттырып отырмыз. Және 2011 жылға қарай Жетіген-Қорғас теміржолын аяқтауды жоспарлаудамыз.
Оған қоса, біз Қытайдың Эксимбанкі мен Мемлекеттік даму банкіндегі әріптестерімізбен олар жүзеге асырып отырған жоғарыдағы 10 және 3 миллиардтық желілердің аясындағы жобалар бойынша кездесулер өткіздік. Жалпы алғанда, жұмыс жоспар бойынша жүріп жатыр, ешқандай іркіліс жоқ, сараптамалық жұмыстар жүргізілуде, қаржылық институттар қосылуда. Атырау мұнай өңдеу зауытында бірінші жоба іске қосылды, мұнайды терең өңдеу жөніндегі кешеннің құрылысы басталды. Қытайдың «Синопек Инжиниринг» компаниясы жүзеге асырып отырған бұл жобаның құны - 1 миллиард доллардан астам.
Сонымен бірге, Атыраудағы құны 1 миллиард долларға бағаланып отырған ықпалдасқан газ-химиялық кешенінің құрылысын да айта кету керек. Бұл жобаның мердігері де - «Синопек Инжиниринг». Кезекті үлкен жоба - Ақтөбедегі жаңа буын металлургиялық зауытының құрылысы, бұл жоба 360 миллион долларға бағаланып отыр.
Оған қоса, «Қазақмыс» компаниясымен бірлесіп, Қытайдың мемлекеттік даму банкі бөлген 3 миллиард доллардың 2,7 миллиардын Павлодардағы Бозшакөл кен-байыту комбинатының құрылысына жұмсауға келістік.
2007-2008 жылдары біздің даму институттарымыздың қытайлық тараппен ынтымақтастығының деңгейі 100 миллион доллардың деңгейінде болса, қазір біз құны 13 миллиард долларға бағаланып отырған жобаларға шығып отырмыз. Қытайлық әріптестер, мұндай қолдаудың тек дағдарысты кезеңде ғана көрсетілмей, ынтымақтастықтың бастамасына айналуы керектігін атап көрсетуде. Біздің есебіміз бойынша, 2009-2010 жылдары Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 15-16 миллиард АҚШ долларын құрайтын болады.
- Қайрат Нематұлы, Сіз Бейжіңде «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» өкілдігінің кеңсесін аштыңыз. Осынау атаулы оқиғадан не күтесіз? Қазақстанның дағдарысқа қарсы бағдарламасын, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қытайлық әріптестер қалай бағалап отыр?
- «Самұрық-Қазына» қазақстандық экономиканың ірі компаниясы ретінде Бейжіңде ресми өкілдігін ашып отыр. Біз бұған дейін байланыс орнатып қойған ресми қытайлық компаниялармен ғана жұмыс істеп қоймақ емеспіз, біз қытайлық барлық мүдделі инвесторларды ынтымақтастыққа шақырамыз. Өкілдіктің ашылу рәсіміне Қытайдың мемлекеттік органдарының, мемлекеттік компаниялар мен академиялық топтардың өкілдері қатысты, бұл жақсылықтың белгісі.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты, оның дағдарысқа қарсы бағдарламасы, үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы Қытайдың жоғары басшылығының - Төраға Ху Цзиньтаоның, Мемлекеттік Кеңес премьері Вэнь Цзябоның және қытайлық инвесторлардың үлкен құрметіне ие екенін атап көрсеткім келеді. Қытайдың коммерция министрі Чэнь Дэминмен және Қытайдың Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары Чжан Гобаомен болған кездесулердің барысында олар, Елбасының дағдарысқа қарсы бағдарламасына жоғары баға берді. Атап айтқанда, олар, Қазақстанның дағдарысқа қарсы бағдарламасына Орталық Азия елдерінің арасында айрықша назар аударып отырғанын атап көрсетті. Оның жетістіктеріне де баға берілді, себебі біздің республикамыз, орталықазиялық мемлекеттердің ішінде дағдарыстан сәтті шығып келе жатқан ел.
-Әңгімеңізге рахмет!