Қазақстан Президентінің Үндістанға мемлекеттік сапары барысында мұнай-газ, атом және басқа да салалар бойынша екіжақты құжаттарға қол қойылды

None
ДЕЛИ. Қаңтардың 24-і. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - Екі елдің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Пратибх Патильдің қатысуымен өткен Үндістан мен Қазақстанның арасындағы жоғары деңгейлі келіссөздердің қорытындысы бойынша ядролық энергетика, ғарыш, мұнай-газ және заңнама салаларында бірқатар құжаттарға қол қойылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаңтардың 23-і мен 26-сы аралығында Делиде мемлекеттік сапармен жүр. Атом энергетикасы саласында «ҚазАтомӨнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы мен Үндістанның NPCIL Атом энергетикасы жөніндегі ұлттық корпорациясының арасында Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл саладағы мүдделер өзара тиімді. Қазақстан уранның ірі өндірушісі екені баршаға аян. 2010 жылға қарай Қазақстан 15 мың тоннадан астам уран өндіруді, ал бір-екі жылдан кейін оның өндірісі бойынша бірінші орынға шығуды жоспарлап отыр. Оның үстіне біз Қазақстанның батыс өңірінде алғашқы атом-электр стансасын салуды жоспарлаудамыз. Ал Үндістанның бұл салада, атап айтқанда уран өндіру мен оны өңдеуде және атом-электр стансасын салуда тәжірибесі мол. Мұнай-газ саласы бойынша «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен Үндістанның ONGC Mittal Energy Ltd компаниясы арасында Каспийдегі «Сәтбаев» мұнай-газ кенішін барлау жөніндегі қағидалар туралы келісімге қол қойылды. Ал қылмыспен бірлесіп күресу саласында қылмыс жасаған тұлғаларды өзара ұстап беруді қарастырған келісімшарт қабылданды. Келіссөз қорытындысы сондай-ақ ғарыш саласында да әлеуеттердің бар екенін көрсетіп отыр. «Қазғарыш» басшысы Талғат Мұсабаев пен оның Үндістанның ғарыштық зерттеулер ұйымындағы әріптесі бүгін Делиде Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі бойынша екіжақты келіссөздердің аяқталғаны туралы хаттамаға да қол қойылды.