Қазақстан Президентінің Илон Маск платформасына инвестициялауға үндеуі – дипфейк

Әлеуметтік желілерде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Илон Маск жаңадан жасаған инвестициялық платформаға қаржы салуға үндейтін видео таратылып жатыр. Stopfake.kz анықтағандай, бұл – фейк, деп хабарлайды Кazinform.

Фото: stopfake.kz.

«Біз видеоны дипфейктің онлайн детекторының көмегімен тексеріп, оның нейрожелі арқылы жасалғанын анықтадық.

Ірі қазақстандық және ағылшынтілді БАҚ-та Илон Маск пен ҚР Үкіметі бірлесіп белгілі бір инвестициялық платформа әзірлегені туралы ақпараттар жоқ. Бұл туралы ҚР Президентінің ресми сайтында да жазылмаған.

Желіде Илон Масктың инвестициялық платформасы туралы жарияланымдар көп. Олардың бәрінда ақпараттың жалған екендігі айтылған. Илон Маск пассивті табыс табу үшін платформа жасаған жоқ, ал мұндай стартаптарға ақша салуға үндеу – кибер алаяқтардың ісі болып табылады.

Демек, таралған хабарламаға сенбеген жөн. ҚР Президентінің видеосы – дипфейк, ал Илон Маскта инвестициялық платформа жоқ», - делінген мәліметте.

Видео айтылғандай, сайтта өтінім қалдырған әрбір тұрғын кем дегенде 5 мың доллар табыс таба алады. «Илон Маск және жеке өзім сіздерді табыс табудың және инвестицияның жаңа көкжиегін ашатын аталған бірегей платформаға қосылуға шақырамын», - дейді «Президент» видеода.