Қазақстан Президентінің Ресейге мемлекеттік сапары халықаралық ауқымдағы оқиға — Лавров
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қараша айындағы Ресейге мемлекеттік сапарына дайындық толықтай жүргізіліп жатыр. Сапар шын мәнінде халықаралық ауқымдағы оқиғаға айналмақ. Бұл жайында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен кездесу барысында ресейлік әріптесі Сергей Лавров айтты.
Ермек Көшербаев РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу барысында министр болып тағайындалғаннан кейінгі Ресейге бірінші ресми сапарына айрықша мән беретіндігін мәлімдеді.
— Бұл сапардың айрықша мәні бар. Өйткені, тағайындаудан кейінгі бірінші ресми сапарым саналады. Қазақстанның Елшісі ретінде Мәскеуде жұмыс істеген кезеңде қалыптасқан жеке байланыстарды жандандыру мүмкіндігін екі есе бағалаймын, — деді Ермек Көшербаев.
Сонымен қатар ол бұл күні екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 33 толуының нышандық мәні бар екенін атап өтті.
Ермек Көшербаев Ресей СІМ өкілдерімен және мемлекеттік органдар басшыларымен қалыптасқан сенім мен достыққа негізделген қарым-қатынастың сақталатынына үміт артатындығын айтты. Оның айтуынша, бұл жайт екі елдің арасындағы сындарлы диалогтың одан ары дамуына септігін тигізеді.
Ал Ресей сыртқы саясат ведомствосының басшысы Сергей Лавров Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарашадағы мемлекеттік сапарына дайындық қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.
— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарына дайындық толыққанды жүргізіліп жатыр. Оның шын мәнінде халықаралық ауқымдағы оқиғаға айналатындығын асыра сілтеусіз қорықпай айта аламын, — деді Лавров.
Сондай-ақ ол Ресей мен Қазақстан басшыларының үнемі байланыста екенін, осы жылдың басынан бері жоғары деңгейде 4 кездесу өткенін айтты.
РФ СІМ басшысының айтуынша, «елдер арасында нақты өзара тиімді және практикалық ынтымақтастық жүргізілмеген мемлекеттік те, адами да қызметтің, оның ішінде сыртқы саясат ведомство желісі арқылы да бірде-бір сала жоқ».
Алматыда өткен Қазақстан-Ресей медиафорумында РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та қараша айына жоспарланған Қазақстан Республикасы Президентінің Ресей Федерациясына бірінші мемлекеттік сапарына дайындық қызу жүріп жатқанын айтқан еді.