Ермек Көшербаев РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу барысында министр болып тағайындалғаннан кейінгі Ресейге бірінші ресми сапарына айрықша мән беретіндігін мәлімдеді.
— Бұл сапардың айрықша мәні бар. Өйткені, тағайындаудан кейінгі бірінші ресми сапарым саналады. Қазақстанның Елшісі ретінде Мәскеуде жұмыс істеген кезеңде қалыптасқан жеке байланыстарды жандандыру мүмкіндігін екі есе бағалаймын, — деді Ермек Көшербаев.
Сонымен қатар ол бұл күні екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 33 толуының нышандық мәні бар екенін атап өтті.
Ермек Көшербаев Ресей СІМ өкілдерімен және мемлекеттік органдар басшыларымен қалыптасқан сенім мен достыққа негізделген қарым-қатынастың сақталатынына үміт артатындығын айтты. Оның айтуынша, бұл жайт екі елдің арасындағы сындарлы диалогтың одан ары дамуына септігін тигізеді.
Ал Ресей сыртқы саясат ведомствосының басшысы Сергей Лавров Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарашадағы мемлекеттік сапарына дайындық қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.
— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарына дайындық толыққанды жүргізіліп жатыр. Оның шын мәнінде халықаралық ауқымдағы оқиғаға айналатындығын асыра сілтеусіз қорықпай айта аламын, — деді Лавров.
Сондай-ақ ол Ресей мен Қазақстан басшыларының үнемі байланыста екенін, осы жылдың басынан бері жоғары деңгейде 4 кездесу өткенін айтты.
РФ СІМ басшысының айтуынша, «елдер арасында нақты өзара тиімді және практикалық ынтымақтастық жүргізілмеген мемлекеттік те, адами да қызметтің, оның ішінде сыртқы саясат ведомство желісі арқылы да бірде-бір сала жоқ».
Алматыда өткен Қазақстан-Ресей медиафорумында РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та қараша айына жоспарланған Қазақстан Республикасы Президентінің Ресей Федерациясына бірінші мемлекеттік сапарына дайындық қызу жүріп жатқанын айтқан еді.