Il Foglio басылымы Президент Тоқаевтың Италияға ресми сапары Қазақстан мен Италия арасындағы үлкен ынтымақтастықтың белгісі саналатын жоғары деңгейдегі кездесулердің тұтас сериясын қамтып, нақты нәтижеге бағыт алып отырғанын жазады. Басылым атап өткендей, ынтымақтастық түрлі бағыттар бойынша дамып келеді, яғни саяси, экономикалық, мәдени салалар қамтылған. Бұл туралы Италия Президенті Серджо Маттарелла «Квиринале» сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қабылдаған кезде айтты.
Il Tempo хабарлағандай, кездесу барысында Президент Маттарелла Рим мен Астананы ынтымақтастықты жандандыруға шақырды.
«Сізді және бірге келген делегацияны қарсы алу мен үшін үлкен мәртебе. Италияға сапарыңыз біздің ел үшін мәртебе. Сондықтан Квириналеде Сізді ресми сапарыңыз кезінде көріп отырғаныма қуаныштымын», - деді Италия Президенті.
Teleborsa.it-дің жазуынша, Премьер-Министр Джорджа Мелонидің ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен «Киджи» сарайына кездесуі елдер арасындағы серіктестіктің стратегиялық құндылығы мен қарым-қатынасының тамаша деңгейін растайды. Өзара мүддеге сай бірқатар стратегиялық секторларды қамтитын маңызды өзара түсіністік туралы меморандумдармен алмасу және бірлескен декларацияны қабылдау өзара қызығушылық тудыратын барлық сектордағы байланыстарды әртараптандыруға және тереңдетуге ұмтылысты көрсетіп отыр.
Мақалада айтылғандай, Қазақстан италиялық экспорт (2023 жылдың алғашқы 10 айында +31,1%) үшін қарқынды дамып келе жатқан нарыққа айналып келеді. Бұл ретте, сән секторындағы (тоқыма және киім, зергерлік бұйымдар, өнер туындылары мен былғары) сатылымда, сондай-ақ ағаштан жасалған заттар мен электр құрылғылар әрі металл заттары бойынша саудада ілгерілеу байқалды.
Басылым Мемлекет басшысының Римге сапарына орай CDP мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасында келісімге қол қойылғанын ерекше атап өтті. Бұл тұрғыда италиялық және қазақстандық компаниялар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілету, тұрақты өсу жобаларын ынталандыру және Италия мен Қазақстандағы әлеуетті инвестициялық мүмкіндіктерді анықтау ескерілген. Атап айтқанда, Cassa Depositi e Prestiti бас директоры Дарио Сканнапиеко мен «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қол қойған ынтымақтастық туралы келісімнің негізгі тармақтарында осы мәселелер қамтылды.
CDP мен «Самұрық-Қазына» қоры арасындағы ынтымақтастық туралы келісім екі жылға арналған және ол өңдеу өнеркәсібі, энергетикалық әрі логистика секторларына бағытталған. Құжат CDP тобының компаниялары мен «Самұрық-Қазына» қорының ынтымақтастығын нығайтуды, сондай-ақ екі елдің инвестициялық мүмкіндіктерін ілгерілетуді қарастырып отыр.
Teleborsa.it Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі ұйымдастырған италиялық-қазақстандық дөңгелек үстел отырысы аясында SACE пен KazakhExport, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) арасында өзара түсіністік туралы екі меморандумға қол қойылғанын жазған. Құжаттар италиялық және қазақстандық компаниялар арасындағы серіктестікті нығайтуға, Қазақстандағы Made in Italy өнімдерінің санын арттыруға бағытталған.
Атап айтқанда, KazakhExport-пен қол қойылған алғашқы өзара түсіністік туралы меморандум Италия мен Қазақстан арасындағы коммерциялық қарым-қатынастарды дамытуға, Орталық Азияда жұмыс істеуге мүдделі италиялық компаниялардың және Италияның нарығына шығуға мүдделі қазақстандық компаниялардың бизнесін ынталандыруға арналған.
Сондай-ақ құжат жаңа сақтандыру әрі қаржылық тетіктерді әзірлеуде және қолданыстағы бизнес бағыттарын ілгерілетуде SACE жағынан KazhakExport-қа қолдау көрсетуді қарастырады.
ҚДБ-мен жасалған екінші меморандум энергетика, металлургия, тау-кен өнеркәсібі, көлік, машина жасау және азық-түлік сияқты басым секторлардағы жаңа бизнес мүмкіндіктерін анықтау арқылы екі ел арасындағы коммерциялық қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, осы келісім бойынша тараптар италиялық және қазақстандық әріптестердің қатысуымен Business Matching іс-шараларын ұйымдастыруға міндеттелді.
Мұнымен қоса, Қазақстан Республикасы Президентінің Италияға сапары аясында италиялық SIMEST компаниясы «Kazakh Invest» ұлттық инвестициялық компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Келісім аясында тараптар сауда қатынастарын одан әрі дамыту және өзара инвестицияның жалпы көлемін ұлғайту мақсатында екіжақты байланысты ынталандыруға уағдаласты.
Teleborsa.it жазғандай, Kazakh Invest-пен жасалған келісім Италия мен Қазақстан арасындағы сауда-өнеркәсіптік қарым-қатынастарды дамыту үшін маңызды мүмкіндік болады.