«Қазақстан дамуының стратегиялық басымдықтары және Қасым-Жомарт Тоқаев» тақырыбындағы панельдік сессия Анкарадағы Хажы Байрам Вели университетінің Қолданбалы зерттеулер және түркі әлемін зерттеу орталығының, Азияны қолданбалы зерттеу орталығының, сондай-ақ Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен өтті.
Іс-шараға Қазақстанның Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев қатысты. Ол құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің дамуының негізгі бағыттарына қатысты өз бағасы мен пікірін ортаға салды.
Қатысушылардың негізгі назары Мемлекет басшысының 28 қазандағы Жолдауында айқындалған міндеттер мен басымдықтарға аударылды. Аталған құжатта Қазақстанды одан әрі жаңғыртудың, экономикалық әлеуетті нығайтудың және халықтың өмір сүру сапасын арттырудың стратегиялық бағдарлары белгіленген.
Пікірталасқа қатысқан академиялық қауымдастық өкілдері Президенттің Жолдауын ғылыми-зерттеу және сараптамалық тұрғыдан жан-жақты талдады. Талқылау барысында мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді басымдықтары, экономикалық және инфрақұрылымдық өзгерістер, сондай-ақ құбылмалы халықаралық жағдайдағы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеттері кеңінен қарастырылды.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай іс-шаралар Қазақстан мен Түркия арасындағы академиялық диалогты кеңейтуге, екі елде болып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық үдерістерді өзара тереңірек түсінуге, сондай-ақ университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтары арасындағы сараптамалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
Бұған дейін Түркия Қазақстанмен сауда көлемін 15 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отырғанын жаздық.