Қазақстан регистрлік негіздегі халық санағына көшуді талқылап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада халық санағын регистрлер негізінде жүргізуге дайындық мәселелеріне арналған үш күндік ұлттық техникалық семинар басталды.

Фото: AI/Astana

Іс-шара мемлекеттік органдардың өкілдерін, халықаралық ұйымдарды және статистика саласындағы жетекші сарапшыларды біріктіріп, ұлттық статистикалық жүйені жаңғыртудың келесі қадамдарын талқылауға бағытталған.

Семинар барысында қатысушылар әкімшілік деректердің сапасы мен қазіргі жағдайын саралап, халық санағы мақсатында мемлекеттік ақпараттық жүйелердің дайындығын бағалайды. Сонымен қатар статистикалық регистрлерді дамыту бағыттарын айқындап, Қазақстанның регистрлік халық санағына көшуіне қатысты ұсыныстар әзірлейді.

Іс-шара БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты бойынша экономикалық және әлеуметтік комиссиясы мен БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан өңірлік жоба аясында ұйымдастырылды.

«БҰҰ-ның 2030 жылғы халық санағы кезеңіне дайындық жөніндегі ұсынымдарын ескере отырып, Қазақстан статистикалық регистрлерді дамыту және әкімшілік деректерді кеңінен пайдалану бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Деректер сапасы, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді дамыту және ведомствоаралық өзара іс-қимыл регистрлік халық санағына табысты көшу үшін шешуші мәнге ие. Ұлттық статистика бюросы халықтың статистикалық регистрін жетілдіріп, мемлекеттік органдармен бірлесіп ақпараттық ресурстардың дайындығын бағалап жатыр. Бұл семинар ұлттық статистикалық жүйені одан әрі жетілдіруге қажетті практикалық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Гүлмира Қарауылова.

Семинар бағдарламасына мемлекеттік органдардың қатысуымен өтетін сараптамалық сессиялар мен практикалық талқылаулар енгізілген.

Қазақстандағы БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының өкілі әрі Қырғызстан мен Түрікменстандағы елдік директоры Чинве Огбонна ұйымның Қазақстанға халық санағының жаңа буынын дайындау және заманауи статистикалық жүйені дамыту бағытында қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты.

«Регистрлер негізіндегі халық санағына көшу мемлекеттік статистиканың тиімді әрі тұрақты жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бұл үдерістің табысты болуы әкімшілік деректердің сапасына, цифрлық инфрақұрылымның дамуына және мемлекеттік органдар арасындағы тығыз өзара іс-қимылға байланысты. ЮНФПА Қазақстанның халықаралық стандарттарды енгізу бағытындағы ұмтылысын қолдайды және барлық кезеңде сараптамалық көмек көрсетуге дайын», – деді ол.

Мамандардың пікірінше, регистрлік халық санағына көшу статистикалық деректердің сапасын арттырып, халыққа түсетін жүктемені азайтуға және мемлекеттік шешімдер қабылдау үшін қажетті ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2026 жылы әлемнің 26 елінде халық санағы өткізіледі.