Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында 2010 жылға арналған нақтыланған бюджетті талқылау барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні Қазақстаннан жалпы сомасы 1 млрд. 300 млн. теңгені құрайтын 400 мың тонна астық экспортталды. Өткен жылдың қараша айында Үкімет қаулысы арқылы астық нарығын жандандыру мақсатына 5 млрд. теңге бөлген болатын. Сонымен бірге, қазіргі кезде экспортты дамытуға кедергі болып отырған жағдайлар туындаған. Сондықтан да, біз тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп өткен жылы бөлінген 5 млрд. теңгені екі бағытта пайдалану туралы ұсыныстар әзірледік. Яғни, бұл бағыттар бойынша Ресей арқылы 400 мың тонна және Қытай арқылы Шығыс Азия елдеріне 200 мың тонна астық тасымалдауға мүмкіндіктер қарастырылады», деді М. Оразаев. Оның айтуынша, бұрын астықты тасымалдау субсидиясы тоннасына 20 долларды құраса, қазір оның құнын 40 долларға дейін көтеру қарастырылуда.
«Сонымен бірге, солтүстік облыстардағы астықты батыс облыстарға тасып, көшіру мәселесі де өзекті. Өткен жылдың соңына таман «Азық-түлік корпорациясы» өзінің үнемделген бюджет қаражатына 100 мың тонна астықты батыс облыстарға қарай тасыған болатын. Қазіргі күні қалған 400 мың тонна астықты осындай мақсатта тасымалдау үшін ұсыныстарды әзірлеудеміз», деді вице-министр.