Қазақстан Ресей мен АҚШ басшыларының кездесуін Украина бойынша диалогтың бастауы ретінде құптайды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуін Украина бойынша жоғары деңгейдегі келіссөздер үдерісінің бастамасы ретінде құптайды, деп хабарлайды Kazinform ҚР Президентінің кеңесшісі және баспасөз хатшысы Руслан Желдібайға сілтеме жасап.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи маңызы бар бұл саммит екі ел басшыларының саяси ерік-жігерінің, қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешуге, соның ішінде Украинадағы әскери қимылдарды тоқтатуға қатысты ортақ тәсілдерді табуға деген шынайы ұмтылысының арқасында мүмкін болды деп санайды, - деді Руслан Желдібай.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ пен Ресей президенттерінің Анкоридждегі әскери базада кездескенін хабарлаған едік. Сондай-ақ үш сағатқа жуық уақыт келіссөз жүргізген Трамп пен Путин келісімге келе алмағанын жазған болатынбыз.