«Өздеріңізге мәлім, бұдан бұрын болған жағдайға қатысты екі мемлекеттің арасындағы шиеленіскен ахуал Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей араласуымен жақсарған болатын. Кеше орын алған оқыс жағдайдың да екі жақты қарым-қатынасқа тигізетін теріс әсері болуы мүмкін. Біз екі тарапты да салқынқандылыққа шақырамыз. Екі тараптың да бұл жағдайға байланысты ұстанымдарын келіссөздер арқылы шешу қажет», - деді Ашықбаев.
Айта кетейік, өткен жылдың 24 қарашасында Түркияның жойғыш ұшағы Сирия шекарасы маңында Ресейдің бомбалаушы Су-24 ұшағын атып түсірген болатын. РФ Президенті Владимир Путин мұны «арқаға жасаған соққы» деп атаған еді. Осыдан соң Ресей Түркияға бірқатар экономикалық шектеулер енгізген. Ал маусым айының соңында Қазақстан Президентінің араағайындығының нәтижесінде екі елдің арасы жақындап, Путин Түркиямен сауда-экономикалық қатынас қайта қалпына келе бастағанын мәлімдеген-ді.
Ал 19 желтоқсан күні Ресей елшісі Анкарада «Ресей Калининградтан Камчаткаға дейін» атты көрменің ашылуында сөз сөйлеу барысында атып өлтірілді. Андрей Карлов Түркиядағы елшілік қызметіне 2013 жылдың 12 маусымында кіріскен еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев РФ Президенті Владимир Путинге Түркиядағы РФ елшісінің қазасына байланысты көңіл айтты.