- Әлемдегі жағдайға қарамастан, ынтымақтастығымыз, әсіресе, экономика саласындағы байланыстар табысты дамып келе жатқанын және сауда көлемі артып келе жатқанын атап өткім келеді. Бұл жайын шағын құрамдағы кездесу барысында сөз қозғаған едік, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинмен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мен Ресей өңірлері арасындағы байланыстарды жандандырудың маңыздылығына тоқталды.
- Елдеріміздің өңірлері арасындағы өзара сапарлардың жиілеп, өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу игі дәстүрге айналғаны өте маңызды. Келесі форум Омбыда өтетіні мәлім болды. Оны өткізудің алдын ала датасы ретінде 20 тамыз белгіленгені маған хабарланды. Бұл мерзім мен үшін және әріптестерімнің жоспарына сай келеді. Сондықтан дәл осы күні өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізуге болады деп ойлаймын, - деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинді Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті.