Қазақстан-Ресей шекарасында фураларға қатысты жағдай жыл соңына дейін шешіледі – Путин

Фото: ТАСС

АСТАНА. KAZINFORM – Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан-Ресей шекарасындағы соңғы көлік кептелісінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды ТАСС.

Оның айтуынша, шекарадағы жүк көліктерінің кептелісі заңсыз импортқа қарсы күрестен туындаған. 

Путин Қырғызстанға сапарынан кейінгі баспасөз мәслихатында өзінің тапсырмасы бойынша ЕАЭО шеңберіндегі кеден комитеті жолда кездейсоқ тексерулер ұйымдастыра бастағанын айтты.

- Белгілі болғандай, тауарлардың айтарлықтай көп саны, фуралар және жүк көліктері ресейлік-қазақстандық шекарадан құжатсыз өтіп жүр. Бұл - қара импорт, - деді ол. 

Ресей басшысы Ресей мен Қазақстанның ортақ кеден аймағы, ортақ нарық және капитал мен тауарлардың еркін қозғалысы бар екенін, алайда осыған қарамастан әрбір жүк фурасында екі ел арасында келісілген нақты құжаттар жиынтығы болуы керек екенін атап өтті. 

Бұл жүк көлігінде не бар екенін егжей-тегжейлі көрсететін құжат болып, онда кем дегенде тауарлар кімге жөнелтіліп жатқаны анық көрсетілуі, сондай-ақ Ресей шекарасынан осы тауарлармен өтетін адам қандай кедендік жиын мен ҚҚС төлеуі керек екені бірден түсінікті болуы тиіс. 

Ресей басшысы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Қазақстаннан Ресейге заңсыз импортқа қарсы күресу үшін бірлесіп жұмыс істеуге келіскенін хабарлады. 

- Біз бұл мәселені Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлымен талқыладық. Ол бәрін түсінді. Оның ешқандай сұрағы немесе мәселесі жоқ. Біз шекарамызда, Қазақстан аумағында жиналған көптеген жүк көліктерінің Ресей Федерациясына қозғалысын қамтамасыз ету үшін барлығын жасайтынымызға келістік. Біздің кеден органдарымыз тасымалданатын бұл тауарлардың құны жарияланатынына және соңғы алушы анықталатынына келісті. Біз жүк көліктерінің өтуіне біртіндеп рұқсат береміз, - деп қосты ол. 

Путин Қазақстан-Ресей шекарасындағы жүк көліктеріне қатысты жағдай жыл соңына дейін шешілетініне сенім білдірді.

Kazinform үшін арнайы ТАСС серіктес агенттігі ұсынған.

Бұған дейін Қазақстан мен Ресей шекарасындағы өткізу бекеттерінде көліктер жиналып қалғанын жазған болатынбыз

Қазақстан ЕЭК пен Үкіметаралық комиссия алаңында Қазақстан-Ресей шекарасындағы кептеліс мәселесін көтерді

РФ Сыртқы істер министрлігі Қазақстан-Ресей шекарасындағы жағдайға түсінік берді.